ҚР ТЖМ делегациясы Түркия Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында «Türk Altın» компаниясының алтын өндіру шахтасында болды. ТЖ вице-министрі Ерболат Садырбаев пен Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев бастаған қазақстандық делегация бұл іс-шараны Стамбул техникалық университетінің (Istanbul Technical University) ғалымдарымен бірлесе жүзеге асырды.
Нысанды аралау барысында олар шахтаның өндірістік инфрақұрылымымен, сондай-ақ тау-кен кәсіпорындарында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми-зерттеу жобаларымен және практикалық шешімдермен танысты. Сондай-ақ, шахталық желдету жүйелерін жаңғырту, ауа алмасу тиімділігін арттыру және тау-кен жұмыстары кезінде газ тұрғысынан қауіпті ортаның түзілу тәуекелдерін азайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Түрік тарапы ұсынған бұл технологиялық әрі ғылыми-техникалық шешімдер апаттардың алдын алуға және қауіпті өндірістік нысандарда қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға арналған. Өз кезегінде мұндай озық халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды зерделеу Қазақстан үшін зор практикалық маңызға ие болып, еліміздің тау-кен саласындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









