10 жыл - ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ, ЕҢБЕККЕ ҚҰРМЕТ

    Халықпен етене жұмыс істеп, әр азаматтың өтінішіне жауап беріп, мемлекеттік қызметтердің қолжетімді болуына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегі – қоғам үшін маңызды. Осы орайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылғанына 10 жыл толуына арналған мерекелік жиын Жуалы ауданында жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

    Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сала қызметкерлерін мерейлі мерейтоймен құттықтап, олардың күнделікті жұмысының маңыздылығына тоқталды. Халыққа сапалы қызмет көрсету, азаматтардың уақытын бағалау және әрбір өтінішке жауапкершілікпен қарау – кәсіби біліктілікпен қатар, адамгершілік қасиеттерді де талап ететінін атап өтті. Сонымен қатар бірқатар маманға аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстады.

    Жиында аудандық мәслихат аппаратының басшысы Серік Қойбақов та құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарының табанды еңбегіне ризашылығын білдірді. Ол мемлекеттік қызмет көрсету ісінде кәсібилік пен жауапкершіліктің айрықша мәнге ие екенін атап өтіп, бірқатар қызметкерді марапаттады.

    Мерекелік басқосуға қатысқан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Болат Жандос ұжым мүшелерін айтулы мерейтоймен құттықтады. Корпорацияның он жылдық даму жолына тоқталып, осы уақыт аралығында мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің жетілдіріліп, халыққа ұсынылатын қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі артқанын жеткізді. Сондай-ақ сала қызметкерлеріне марапаттар табыстады.

    Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Жұмашев та ізгі тілегін білдіріп, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетті. Ол халықпен тікелей байланыста жұмыс істеудің өзіндік жауапкершілігі бар екенін айтып, ұжымға абыройлы қызмет пен толағай табыс тіледі.

    Өз кезегінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жуалы аудандық бөлімінің басшысы Ермек Абдиваитов әріптестерін мерейтоймен құттықтап, ортақ іске үлес қосып жүрген ұжым мүшелеріне алғысын жеткізді. Сонымен қатар салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, бала күтіміне байланысты демалыста отырған аналар да назардан тыс қалмады.

    Он жылдық мерейтой – осы уақыт аралығында қалыптасқан тәжірибені саралап, сала жетістіктерін бағамдайтын маңызды белес. Жиын барысында марапатталған мамандардың әрқайсысы өз міндетін абыроймен атқарып, халық пен мемлекеттік қызмет арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосып келеді.

    Салтанатты шара осылайша елге адал қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегіне көрсетілген құрметпен, ізгі тілектермен және мерекелік көңіл күймен қорытындыланды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жуалы ауданының әкімдігі" жаңалықтары