Жуалы ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, буллинг пен бопсалау фактілерінің алдын алу мәселелеріне арналған мекемеаралық кеңес өтті.
Кеңеске аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбит Мамытбеков, ҚР ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментінің Жуалы аудандық бөлімшесінің басшысы Еркін Орынбаев, аудан прокуроры Жомарт Науатов, мектеп директорлары, ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала өкілдері қатысты.
Жиында жасөспірімдер арасындағы қорқыту, күш көрсету, ақша талап ету, материалдық және психологиялық қысым жасау, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы бопсалау секілді өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар бейресми топтардың көбеюі, оқушылар арасындағы келеңсіз қарым-қатынастар мен буллингтің алдын алу бағытындағы жұмыстардың тиімділігіне назар аударылды.
Кеңес барысында білім беру ұйымдарында жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері қаралып, бірқатар мектептердегі жағдайға жеке тоқталды.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза бұл бағыттағы жұмысты тек есеп үшін жүргізуге болмайтынын, әрбір баланың қауіпсіздігі мен психологиялық жай-күйі басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті.
Осыған байланысты мектеп басшыларына бір апта мерзім ішінде тәртіп бұзуға бейім, өзге оқушыларға қысым көрсететін және қатарластарына күн көрсетпейтін балаларды анықтап, әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізу тапсырылды. Әрбір жағдай жан-жақты зерделеніп, нақты себептері мен оған ықпал ететін факторлар анықталуы қажет. Сонымен қатар сауалнама нәтижелерін үстірт қарамай, әрбір мәлімет бойынша толық әрі нақты ақпарат әзірлеу міндеттелді.
Жиында ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мектеп пен отбасы арасындағы байланысты күшейту мәселелері де қозғалды. Құқық бұзушылық белгілері бар әрбір жағдайға дер кезінде ден қойып, ешбір шағым мен өтініштің тіркеусіз қалуына жол бермеу қажеттігі ескертілді.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге нақты профилактикалық шаралар жүргізу, мектептердегі ахуалды тұрақты бақылауға алу және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тапсырмалар берілді.
Басты мақсат – жасөспірімдер арасындағы буллинг, қорқыту мен бопсалау әрекеттеріне түбегейлі тосқауыл қойып, әрбір баланың білім алуына және өзін қауіпсіз сезінуіне қолайлы орта қалыптастыру.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









