
Жуалы ауданында Еңбек күніне орай адал еңбегімен елге қызмет етіп жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова төрағалық етіп, еңбек адамдарына ізгі тілегін білдірді.
Жиында еңбек адамының қоғамдағы орны мен маңызына ерекше тоқталып, адал еңбекті дәріптеу – ел дамуының маңызды негіздерінің бірі екені айтылды. Әр салада маңдай терімен еңбек етіп, кәсіби шеберлігімен танылған азаматтардың еңбегі көпке үлгі екені атап өтілді.
Салтанатты шара барысында ұзақ жылдар бойы әртүрлі салаларда еңбек етіп, ел игілігіне үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды.
Солардың бірі – Рахманов Нұржан Кәрімұлы. Ол жастайынан әкесіне көмектесе жүріп, құдық қазу кәсібін меңгерген. Бүгінде осы салада 30 жылға жуық еңбек өтілі бар. Құдық қазу – үлкен тәжірибені, төзімділікті және жердің ерекшелігін терең білуді қажет ететін күрделі кәсіп. Нұржан Кәрімұлы жылдар бойы жинаған тәжірибесінің арқасында жер бедері мен топырақ құрамына қарап, су шығатын орындарды анықтап келеді. Оның еңбек жолы – табандылық пен адал еңбектің жарқын үлгісі.
Бейсесмбек Шакизада Жарылқасынқызы – аудан орталығында «Эдем» қонақ үйін ашып, отыз жылға жуық қонақжайлылық саласында еңбек еткен зейнеткер. Осы жылдар ішінде ауданға келген қонақтар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, қонақ үй қызметінің дамуына өзіндік үлесін қосты. Іскерлігі, жауапкершілігі және адамдармен тіл табыса білуі арқылы өз саласында абыройлы еңбек жолын қалыптастырды.
Әлімбекова Баян Манапқызы еңбек жолын Жуалы аудандық орталық ауруханасында медбике болып бастап, кейін 15 жыл бойы массаж жасау қызметін атқарған. Осы уақыт аралығында аудан тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, олардың жалпы жағдайын жақсартуға өз үлесін қосты. Өз ісіне деген жауапкершілігі мен адамға жанашырлығы арқылы көпшілікке қызмет етті.
Байділдаева Тұрсынкүл Мақұлбекқызы 1978-2022 жылдар аралығында қоғамдық тамақтану саласында еңбек етіп, іскерлігімен, тиянақтылығымен және жауапкершілігімен ерекшеленді. Келушілермен жақсы қарым-қатынас орнатып, қонақжайлығы мен жылы жүзінің арқасында көпшіліктің ықыласына бөленді. Ұзақ жылғы еңбегімен қоғамдық тамақтану саласының дамуына өзіндік үлесін қосты.
Ал Ирисханов Ислам Дудуловичтің жалпы еңбек өтілі – 40 жыл. Оның ішінде су шаруашылығы саласындағы еңбек өтілі 14 жылды құрайды. Ол еңбек жолын 1986 жылы Ақсай су шаруашылығында жүк ілуші болып бастап, кейін өндірістік және жөндеу салаларында түрлі қызметтер атқарған. 2012 жылдан бері «Жуалы Су» мекемесінде су құбыры және кәріз желілерін жөндеу жөніндегі жұмысшы болып еңбек етіп келеді.
Көкеев Дидар Миятович еңбек жолын 2018 жылы Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығында күзетші болып бастаған. 2022 жылдан бері «Жуалы Су» мекемесінде өндірістік қызметкер ретінде еңбек етіп келеді. Жалпы еңбек өтілі – 8 жыл, қазіргі саладағы еңбек өтілі – 4 жыл.
Марапатталған азаматтардың әрқайсысы – өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби шеберлігі мен маңдай тері арқылы ел игілігіне қызмет етіп жүрген еңбек адамдары. Олардың еңбек жолы – кейінгі буынға өнеге, қоғамға ортақ құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі.
Жиында аудандық мәслихат төрағасы Зиядхан Рымбекұлы Бүрлібаев пен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жуалы аудандық филиалының төрағасы Сейтхан Шералханұлы сөз сөйлеп, еңбек адамдарына жылы лебіздерін жеткізді.
Еңбек күні – маңдай терімен елге қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалап, олардың қоғам алдындағы еңбегіне құрмет көрсететін айтулы мереке. Өйткені елдің дамуы мен берекесі – әр адамның адал еңбегінен басталады.
Жиын соңында марапат иелеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне толағай табыс тілініп, мерекелік құттықтаулар айтылды.









