Жеңіс – спортшының ғана емес, оны тәрбиелеген елінің де мерейі. Бүгін Жуалы жұрты халықаралық додада топ жарып, ел абыройын асқақтатқан жерлесіміз Бибарыс Әшірбайды туған жерінде салтанатпен қарсы алды.
Жас спортшының жетістігін бөлісуге жиналған аудан тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Бұл – бір спортшының жеңісіне деген құрмет қана емес, табандылық пен тынымсыз еңбектің жемісіне көрсетілген шынайы ықылас.
Чемпионды қарсы алу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаев қатысып, спортшыны жарқын жеңісімен құттықтады. Ол Бибарыстың биік белесті бағындыруы аудан жастарына үлгі екенін атап өтіп, алдағы жарыстарда да толағай табыс тіледі.
Сонымен қатар ауданның ардақты ағалары жас чемпионға ақжарма тілектерін арнап, арнайы сый-сияпаттарын табыстады. Спортшының бапкеріне де құрмет көрсетіліп, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі ерекше аталып өтті.
Әрине, жеңіс бір күнде келмейді. Оның артында талай жылғы дайындық, маңдай тер, темірдей тәртіп пен үлкен сенім жатыр. Ал сол жолда спортшымен бірге тер төккен бапкердің еңбегі де қашанда құрметке лайық.
Бибарыстың бүгінгі жеңісі – Жуалының мерейі, жас ұрпаққа берілген өнеге. Туған жерінің ыстық ықыласын сезінген чемпионға алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, көк Туымызды әлемдік ареналарда желбірете беруіне тілектеспіз!
Жеңісің құтты болсын, чемпион! Жуалы сені мақтан тұтады!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









