Алматы әуежайында қоғамдық тәртіпті бұзған азамат 15 тәулікке қамалды – Көліктегі ПД

    «Алматы – Орал» бағытындағы рейске ұшу алдындағы тексеру кезінде масаң күйдегі жолаушының қатысуымен құқық бұзушылық орын алды.

    Әуе компаниясы өкілдерінің актісі негізінде Алматы әуежайындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Орал қаласының 40 жастағы тұрғынын рейстен түсіріп, полиция бөлмесіне жеткізді.

    Тексеру барысында ер адамның алкогольдік масаң күйде болғаны, агрессивті мінез-құлық танытып, әуе компаниясы қызметкерлерінің атына балағат сөздер айтып қоғамдық тәртіпті бұзғаны анықталды.

    Құқық бұзушы алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу, сондай-ақ ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

    Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету Көліктегі ПД қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде жүру, балағат сөздер айту, азаматтар мен әуе кемесі экипажының мүшелерін қорлау және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеміз.

    Мәлімет үшін:Жыл басынан бері Көліктегі ПД қызметкерлері 86 181 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келудің 6 810 дерегі және ұсақ бұзақылықтың 719 дерегі тіркелген.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Көліктегі полиция департаменті" жаңалықтары