Теміржолдағы үй жануарлары: пойыздардың шұғыл тежелуіне байланысты мыңнан астам факт тіркелген

    Осы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуіне байланысты 1 383 дерек тіркелген. Оның 1 074-і жануарлардың теміржол бойына шығып кетуіне байланысты орын алған.

    Мұндай жағдайлар пойыздардың қауіпсіз қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы мен жылжымалы құрамға залал келтіріп, пойыздар қозғалысының кестесіне кері әсер етуі мүмкін.

    Мәселен, өткен тәуліктің өзінде көлік полицейлері Ақмола, Қарағанды, Жетісу және Түркістан облыстарында осындай бірнеше деректі тіркеді. Аталған жағдайларда машинистер теміржолға кенеттен шығып кеткен жылқылар мен ірі қара малға байланысты пойыздарды шұғыл тежеуге мәжбүр болған. Локомотив бригадаларының дер кезінде қабылдаған шараларының арқасында кейбір жағдайларда жануарларды қағып кетудің алдын алуға мүмкіндік туды.

    Тіркелген барлық деректер бойынша көлік полицейлері мал иелерін анықтады. Олардың барлығы теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

    Көлік полицейлері теміржол мен оған іргелес аумақтың аса қауіпті аймақ екенін ескертеді. Ауыл шаруашылығы жануарларының иелері малдың жайылуын қатаң бақылауға алып, олардың қараусыз жүруіне және теміржолдарға шығып кетуіне жол бермеуі қажет.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Көліктегі полиция департаменті" жаңалықтары