Сенімді серік — Тоби: көлік полициясы инспектор-кинологының бір күні

    1 / 4

    Сәтті орындалған әрбір тапсырманың артында полиция қызметкерлерінің күнделікті қажырлы еңбегі, кәсіби шеберлігі мен үйлесімді жұмысы жатыр. Кинология қызметінде инспектор мен қызметтік-іздестіру итінің өзара сенімі мен тығыз байланысы ерекше маңызға ие. Бүгін біз полиция аға сержанты Дархан Адай мен оның төрт аяқты серігі —лақап аты Тоби неміс овчаркасы туралы айтамыз.

    Дархан Адай ішкі істер органдарында алты жылдан бері қызмет етеді. Ол Көліктегі полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында жұмыс істейді. Кинолог мамандығын саналы түрде таңдаған. Дарханның айтуынша, бұл жұмыс арнайы білім мен дағдыларды ғана емес, сонымен қатар төзімділікті, тәртіпті, жауапкершілікті, ал ең бастысы — жануарларға деген шынайы сүйіспеншілікті талап етеді.

    «Менің төрт аяқты серігімнің аты — Тоби. Ол — есірткі заттарын іздеуге үйретілген неміс овчаркасы. Бірге қызмет еткен жылдар ішінде арамызда толық өзара түсіністік пен сенім қалыптасты. Мен оның мінезін, әдеттері мен жұмыс тәсілдерін жақсы білемін. Әрі мен үшін Тоби жай ғана қызметтік ит емес, нағыз сенімді дос», — дейді Дархан.

    Қызметтік-іздестіру итін үйрету — тұрақты жаттығуларды қажет ететін үздіксіз үдеріс. Алдымен базалық бағыну дағдылары бекітіледі, содан кейін иіс сезу қабілетін дамытуға арналған жаттығулар жүргізіледі. Біртіндеп тапсырмалар күрделене түседі: зейін қою, түрлі нысандарды тексеру кезіндегі сенімділік және табылған иісті дәл белгілеу машықтары жетілдіріледі.

    Кинолог жұмыс күнін әрдайым итін тексеруден бастайды: ең алдымен, оның көңіл-күйін, белсенділігін және қызметке дайындығын бақылайды. Одан кейін жалпы және арнайы дайындық бойынша жаттығулар өткізіліп, бағыну командалары мен тыйым салынған заттарды іздеу дағдылары шыңдалады. Қажет болған жағдайда, олар теміржол объектілеріндегі ғимараттарды, көліктер мен жүктерді тексеред. Олардың басты міндеті — есірткі заттарын дер кезінде анықтап, оның заңсыз айналымының жолын кесу.

    «Күнделікті қызметтің маңызды бөлігі — итке күтім жасау»,– дейді ол. Яғни, дұрыс тамақтандыру, серуендету, физикалық қалпын сақтау және денсаулығын бақылау екеуара нақты жағдайларда қаншалықты тиімді жұмыс істейтініне тікелей әсер етеді.

    «Тобидің жаттығуларда алған дағдыларын нақты жағдайда қолданған сәттері ерекше есте қалады. Күнделікті еңбегіміздің нақты нәтиже беріп жатқанын көру — біз үшін маңызға ие. Әрбір сәтті іздеу жұмысы біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды және үйлесімді әрекет ететінімізді дәлелдейді», — дейді көлік сақшысы.

    Бұл тәжірибе Дарханның кинолог жұмысы жай ғана кәсіп емес, сонымен бірге төрт аяқты серігі үшін үлкен жауапкершілік екеніне көзін жеткізді. Бұл салада іске адалдық, ұстамдылық және үнемі дамудың маңызы зор. Ол Тобимен бірге күн сайын қиындықтарды еңсеріп, алға қойылған міндеттерді орындау үшін қызметке кіріседі.

    Әріптестерінің арасында Дархан Адай сыйлы, өзін жауапты әрі мақсатшыл қызметкер ретінде көрсете білді. Жұмыс кестесінің тығыздығы мен қауырттығына қарамастан, ол жақындарына да әрдайым уақыт табады. Дархан ата-анасының өміріне белсене араласып, отбасындағы өзара сыйластықтың, қамқорлық пен еңбекқорлықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

    Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Көліктегі ПД Кинологиялық қызмет орталығында 33 қызметтік-іздестіру иті бар. Ағымдағы жылдың басынан бері олардың көмегімен 183 есірткі құқық бұзушылығы анықталып, 165 килограмнан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Бұл көрсеткіштер көлік нысандарында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметтік-іздестіру иттерінің рөлін айқын дәлелі.

    Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Көліктегі полиция департаменті" жаңалықтары