Ағымдағы жылдың 1 маусымы мен 31 қазаны аралығында Көліктегі полиция депаратментінің қызмет көрсету аумағында «Қарасора» кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – еліміздің оңтүстік өңірлерінен басқа аймақтарға есірткі заттарын заңсыз тасымалдау арналарын анықтау және жолын кесу.
Іс-шара аясында Көліктегі ПД жалпы саны 155 қызметкерден тұратын 41 жедел-іздестіру тобын құрды. Бұл туралы КПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Фараби Елубаев мәлімдеді.
Оныйң айтуынша, бес ай ішінде көлік полицейлері есірткінің заңсыз айналымына байланысты 184 құқық бұзушылықты тіркеді. Оның 68-і – қылмыстық құқық бұзушылық. Атап айтқанда, есірткі заттарын заңсыз сақтау бойынша 5, өткізу бойынша 37, контрабанда бойынша 18, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру бойынша 4 және прекурсорлардың заңсыз айналымы бойынша 4 дерек анықталды.
Заңсыз айналымнан 366 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленді.
Әуежайлар мен теміржол вокзалдарында есірткінің заңсыз айналымына байланысты 121 адам әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Олардың 22-сі – шетел азаматтары.
«Жедел жұмыстың нәтижелі мысалдарының бірі – қазан айында Ақтөбе облысының екі тұрғынын ұстау. Олар синтетикалық есірткіні жасырын орындарға қалдыру арқылы таратумен айналысқан. Тұрғылықты жерін тінту барысында жалпы салмағы 10 келіге жуық «Альфа-PVP» психотроптық заты тәркіленді», - деді Ф.Елубаев.
Жедел-профилактикалық іс-шараның аяқталуы бұл бағыттағы жұмыстың тоқтағанын білдірмейді. Көлік сақшылары көлік инфрақұрылымы нысандарында есірткінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты негізде жалғастыруда.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысының кез келген көрінісіне қатаң құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









