Көлік полициясының басшылығы Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде бірқатар кездесу өткізді

    1 / 6
    Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Ондасын Аштаев еліміздің оңтүстік өңіріндегі көліктегі полиция басқармалары мен бөлімдерінің жеке құрамымен, әскери бөлімдердің әскери қызметшілерімен және жастармен бірқатар кездесу өткізді.
    Кездесулер Шымкент, Түркістан, Арыс және Қызылорда станцияларындағы көліктегі полицияның аумақтық бөліністерінде, сондай-ақ осы өңірлерде орналасқан әскери бөлімдерде, жоғары оқу орындарында және әкімдіктерде өтті.
    Өз сөзінде О.Аштаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі істер органдарының алдына қойған басым міндеттеріне тоқталды. Кездесулер барысында қызметтік тәртіпті нығайту, заңдылықты сақтау, елдің көлік инфрақұрылымы нысандарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тиімділігін арттыру, сондай-ақ Көліктегі полиция департаментінің кадрлық құрамын толықтыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
    Іссапар аясында О.Аштаев өңір тұрғындарымен, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары және студенттерімен де кездесті. Ол көлік полициясы қызметінің ерекшеліктері мен аумақтық полиция департаменттерінің жұмысынан айырмашылықтары туралы айтып берді. Сонымен қатар жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және оқу орындарының түлектерін ішкі істер органдарына жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды.
    Кездесулерде «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету полиция қызметкерлерінің басты міндеті екені атап өтілді. Оның айтуынша, ішкі істер органдарындағы қызмет заңгерлер үшін нағыз өмір мектебі әрі табысты мансап құруға берік негіз болып табылады. «Біз құқық қорғау органдары жүйесінде мансап құруды жоспарлаған жастар үшін әрдайым ашықпыз», – деді полиция полковнигі.
    Көліктегі ПД бастығының орынбасары кездесуге қатысушыларға алғысын білдіріп, баршаға зор денсаулық пен отбасылық амандық тіледі. Сондай-ақ жастарды ішкі істер органдарындағы қызметке шақырды.
    Кездесулер сындарлы әрі нәтижелі өтті.
    Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Көліктегі полиция департаменті" жаңалықтары