Ең алдымен, бұл мемлекеттік қолдау тоқтатылады деген сөз емес екенін атап өткім келеді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін негізгі қолдау шаралары бұрынғыдай сақталады.
Атап айтқанда, жасына байланысты зейнетақы мен қарт азаматтарға арналған тиісті жәрдемақылар толық көлемде төлене береді. Оларды алу отбасының тұрмыс деңгейіне байланысты болмайды.
Сонымен қатар бала тууына және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақылар, көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер, мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақылар және асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін төлемдер де сақталады. Заңнамада көзделген басқа да төлемдер жалғасын табады.
Өзгеріс тек кейбір төлемдерді тағайындау тәсіліне қатысты болады. Бұл ретте атаулы көмек қағидаты қолданылады. Яғни отбасының нақты тұрмыстық жағдайы мен көмекке деген қажеттілігі ескеріледі.
Мұндағы басты мақсат — мемлекеттік қолдаудың әділ бөлінуін қамтамасыз етіп, көмекті оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға жеткізу.
Мемлекеттік қолдау сақталады. Өзгеретіні — оны нақты мұқтаждыққа қарай тағайындау тәсілі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









