Төтенше жағдайларға жедел әрекет етудің басты шарттарының бірі – байланыстың нақты әрі үздіксіз жұмыс істеуі.
Құтқару жұмыстарының тиімділігі көп жағдайда алғашқы ақпаратты қабылдап, оны тиісті қызметтерге уақтылы жеткізетін радиотелефонистердің үйлесімді әрі жедел жұмысына байланысты.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Дағдарыс орталығында қалалық және аудандық өрт сөндіру бөлімдерінің радиотелефонистері арасында «Үздік радиотелефонист» облыстық байқауы өтті.
Байқау үш кезеңнен тұрды: қатысушыларды таныстыру, теориялық білімдерін тексеру және практикалық тапсырмаларды орындау. Қатысушылар шартты өрт туралы хабарламаны қабылдау, қажетті ақпаратты нақтылау және тіркеу, сондай-ақ оны радиобайланыс арқылы тиісті қызметтерге уақтылы жеткізу барысында кәсіби шеберліктері мен жедел әрекет ету қабілеттерін көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
І орын – Атырау қаласындағы №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі, азаматтық қорғау кіші сержанты Ахмедьярова Алтынгүл Аманжолқызы;
ІІ орын – Мақат ауданының №8 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі, азаматтық қорғау кіші сержанты Базарова Айнагүл Байбатырқызы;
ІІІ орын – Жоспарлау және жедел басқару орталығының Өрт байланысының орталық пунктінің диспетчері, азаматтық қорғау кіші сержанты Махаббат Берсугир Саматқызы.
Байқау жеңімпаздары Департамент басшылығының атынан алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









