«Қауіпсіздік әр үйге»: тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігіне баса назар аударылуда

    1 / 4

    Атырау облысында жылыту маусымы басталғалы бері тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық өрттердің алдын алу мақсатында «Қауіпсіздік әр үйге» профилактикалық акциясы аясында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
    Акция барысында облыс аумағында 8 355 тұрғын үй араланып, 27 330 тұрғын профилактикалық түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Іс-шараларға барлығы 579 қызметкер жұмылдырылды. Сонымен қатар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары көрсетілген 12 600 жадынама таратылып, 183 өрт датчигі орнатылды.
    Үй-үйді аралау кезінде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындарға жылыту пештерін қауіпсіз пайдалану, мұржаларды уақтылы тазалау, электр сымдары мен жылыту құралдарының жарамдылығын тексеру, сондай-ақ газ жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде.
    Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Олардың тұрғын үйлеріне орнатылған өрт датчиктері түтінді ерте анықтап, дыбыстық белгі арқылы тұрғындарға қауіп туралы дер кезінде хабарлауға мүмкіндік береді.
    Профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындардың өрт қауіпсіздігі мәдениетін арттыру, жылыту маусымында өрт оқиғаларының алдын алу және адам өмірі мен мүлкін қорғау.
    Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды жылыту құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, пештерді қараусыз қалдырмауға және электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеуге шақырады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары