Шығыс Қазақстан облысында заңсыз аңшылық пен балық аулаудың және табиғат қорғау заңнамасын бұзудың өзге де деректерінің алдын алуға және жолын кесуге бағытталған «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы қорытындыланды.
Соның барысында полиция қызметкерлері 152 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның басым бөлігі аң аулау қағидаларын бұзуға қатысты. Жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аулау қағидаларын бұзудың 119 дерегі тіркелді.
Тағы 31 дерек балық аулау қағидаларын бұзуға байланысты. Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау талаптарын сақтамаған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдаудың екі дерегінің жолы кесілді. Аталған құқық бұзушылықтар ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау бабымен сараланды.
Аңшылық, балық аулау және табиғи ресурстарды пайдалану қағидаларын сақтау – қоршаған ортаны қорғаудың маңызды шарты. Белгіленген талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген.
ШҚО Полиция департаменті браконьерлікке және табиғат қорғау заңнамасын бұзудың өзге де деректеріне жол бермеу, олардың алдын алу және жолын кесу жұмыстарын жалғастырады.
Дереккөз: ШҚО ПД
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









