Бүгін елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та азаматтық таңдауын жасап, таңертең Өскемен қаласындағы №1193 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Аймақ басшысы учаскеге ата-анасы, жұбайы және балаларымен бірге келді. Таңғы уақыттан-ақ сайлау учаскесінде адам қарасы қалың болды. Дауыс беруге келген тұрғындардың қатары үзілмей, мектеп дәлізінде де, учаске маңында да қозғалыс байқалады. Жұрттың көңіл күйі көтеріңкі. Бірі отбасымен келсе, енді бірі көршілерімен кездесіп, пікір алмасып жатыр.
Сайлау учаскесі орналасқан мектептің сыртында жәрмеңке ұйымдастырылған. Онда жергілікті өнімдер ұсынылып, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Осылайша, саяси науқан азаматтық белсенділікпен қатар, қала тұрғындарының басын қосқан қоғамдық шараға да ұласты.
Шығыс Қазақстанда 534 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Олардың барлығы қажетті жабдықтармен, дауыс беру кабиналарымен, жәшіктермен және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған құралдармен қамтамасыз етілген.
Өңір бойынша сайлаушылар тізіміне 484 350 адам енгізілген. Ал мәслихат депутаттығына 577 кандидат бақ сынап жатыр. Оның 528-і бір мандатты сайлау округтері бойынша ұсынылса, 49 кандидат партиялық тізімге енгізілген. Бір мандатты округтерде облыстық мәслихатқа – 48, қалалық мәслихаттарға – 108, аудандық мәслихаттарға 372 кандидат үміткер.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









