Облыс орталығында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Ұлан ауданының мәдени күндері өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған шара өлкенің тарихы мен мәдениетін дәріптеп қана қоймай, өнерін, кәсіпкерлік әлеуеті мен ауыл шаруашылығы өнімдерін Өскемен жұртшылығына таныстырады.
Бүгін мәдени күндердің алғашқы күніне ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Аймақ басшысы алдымен облыстық филармония фойесінде ұйымдастырылған «Ұлан шеберлері» атты көрмені аралап, жергілікті қолөнершілер мен тауар өндірушілердің жұмыстарымен танысты.
Көрмеде Ұлан шеберлерінің ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары мен авторлық туындылары ұсынылды. Сондай-ақ «Шығыс салбурыны» халықаралық фестиваліне арналған картиналар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туындылардан халқымыздың аңшылық дәстүрі, табиғатпен біте қайнасқан тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық болмысы айқын көрінеді.
Көрменің тағы бір ерекшелігі - аудан кәсіпкерлері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдері. Келушілерге табиғи бал, қымыз, шұбат, сүт өнімдері, құрттың бірнеше түрі, ет және шұжық өнімдері, марал мүйізінен жасалған бұйымдар, шөп шайлары мен түрлі жартылай фабрикаттар таныстырылды. Бұдан бөлек, түйеқұс жұмыртқасы мен пеште пісірілген бекіре балығы секілді ерекше өнімдер де көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Одан соң «Ұлы мекен – туған елім» атты мерекелік концерт өтті. Ұлан ауданының өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты. Олар ауданның мәдени тынысы мен шығармашылық әлеуетін паш етіп, халыққа ерекше демалыс сыйлады.
Ертең Өскемен қаласындағы «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында (Жібек жолы көшесі, 44) сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін ауданның ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.
Қала тұрғындары сиыр, қой, жылқы, құс, марал етін, табиғи бал, көкөністер, қарақұмық жармасы, сүт өнімдері мен тауық жұмыртқасын сатып ала алады. Өнімдер тікелей жергілікті өндірушілер тарапынан ұсынылатындықтан, тұрғындар үшін сапалы азық-түлікті қолжетімді бағамен алу мүмкіндігі бар.
Сағат 11:00-де жәрмеңке алаңында гір көтеру, арқан тарту және қол күресінен халықтық спорттық ойындар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ сағат 12:00-де «MAXI MALL» сауда кешенінде «Ұланым менің – ұраным» атты «Бескөл» халықтық фольклорлық ансамблінің жеке концерті өтеді. Ал сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін №40 мектептің спорт залында Ұлан ауданы әкімінің кубогына арналған футзалдан облыстық ашық турнир ұйымдастырылады.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









