27–28 қараша күндері «Туған жер – алтын бесігім» акциясы аясында Ұлан ауданының Өскемен қаласындағы мәдени күндері өтеді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Ұлан ауданының тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрін кеңінен насихаттау, ауданның өнері мен мәдениетін таныстыру, қолөнер шеберлері мен жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін көпшілікке ұсыну, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі арқылы тұрғындарға сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен ұсыну.
27 қараша күні мәдени күндер аясында бірқатар танымдық және мәдени іс-шара ұйымдастырылады.
Сағат 11:00-де А. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының мәжіліс залында (Қазақстан көшесі, 102) «Ұланым – туған жерім, тұғырым» атты Ұлан ауданының көрнекті табиғаты мен ерекшеліктеріне арналған білгірлер сайысы өтеді.
Сағат 17:00-де Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының фойесінде (Протозанов көшесі, 43) «Ұлан шеберлері» атты халық шығармашылығы шеберлерінің көрмесі өтеді. Көрмеде жергілікті қолөнершілердің ұлттық нақыштағы бұйымдары мен авторлық туындылары көпшілік назарына ұсынылады. Сонымен қатар «Шығыс салбурыны» халықаралық фестиваліне арналған картиналар көрмесі ұйымдастырылады.
Көрме аясында аудан кәсіпкерлері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін таныстырады. Келушілерге түйеқұс жұмыртқасы, пеште пісірілген бекіре балығы, ет және шұжық өнімдері, марал мүйізінен жасалған өнімдер, сүт өнімдері, құрттың бірнеше түрі, қымыз, шұбат, табиғи бал, шөп шайлары, вакуумдық қаптамадағы ет өнімдері мен түрлі жартылай фабрикаттар ұсынылады. Сондай-ақ «Жер-Су» жылыжай кешені де өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынады.
Іс-шара барысында келушілер жергілікті өндірушілердің өнімдерімен танысып, олардың дәмін татып көруге мүмкіндік алады. Бұл – өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін, кәсіпкерлердің еңбегін және ұлттық қолөнердің бай мұрасын кеңінен таныстыруға арналған алаң.
Ал сағат 18:00-де Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының концерт залында (Протозанов көшесі, 43) «Ұлы мекен – туған елім» атты Ұлан ауданы көркемөнерпаздарының концерті өтеді.
28 қараша күні Өскемен қаласындағы «Шығыс-Алтай» көтерме сауда орталығында (Жібек жолы көшесі, 44) сағат 08:00-ден 12:00-ге дейін Ұлан ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.
Облыс орталығының тұрғындарына жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кең ассортименттегі өнімдері ұсынылады. Атап айтқанда, сиыр еті, қой еті, жылқы еті, шошқа еті, құс еті, марал еті, табиғи бал, көкөністер, қарақұмық жармасы, сүт өнімдері мен тауық жұмыртқасын сатып алуға болады.
Жәрмеңке тұрғындарға отандық өндірістің сапалы өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
Сағат 11:00-де жәрмеңке алаңында гір көтеру, арқан тарту және қол күресінен халықтық спорттық ойындар ұйымдастырылады.
Сағат 12:00-де «MAXI MALL» сауда кешенінде (Қаныш Сәтпаев көшесі, 51) «Ұланым менің – ұраным» атты «Бескөл» халықтық фольклорлық ансамблінің Өскемен жұртшылығына арналған жеке концерті өтеді.
Сонымен қатар сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін №40 жалпы білім беретін мектептің спорт залында (Уәлиев көшесі, 5/1) Ұлан ауданы әкімінің кубогына арналған футзалдан облыстық ашық турнир өтеді.
Ұлан ауданының мәдени күндері – туған жердің тарихы мен мәдениетін дәріптеп, ұлттық өнер мен дәстүрді кеңінен танытуға, аудан тұрғындарының жетістіктері мен әлеуетін облыс орталығы жұртшылығына көрсетуге бағытталған маңызды мәдени іс-шара.
Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтарын Ұлан ауданының мәдени күндеріне қатысуға шақырамыз!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









