«Жоғалған» сиыр әйелге айыппұл салуға себеп болды

    Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы ауылдардың бірінде жоғалған сиырға қатысты оқиға күтпеген жағдайға ұласты. Жергілікті тұрғын полицияға жүгініп, үйден шыққанда қақпаны жабуды ұмытып кеткенін, ал қайтып келгенде басы мен бауыр тұсында ақ дақтары бар қара сиырының жоғалғанын айтып шағымданған.

    Полицейлер алдымен мал ұрлығы белгілерінің бар-жоғын тексеріп, кейін өздігінен кетіп қалған жануарды іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылары қаңғыған малдың ұрылардың қолына түсуі немесе жолға кенеттен шығып, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін екенін түсінеді.

    Осындай жағдайлардың алдын алу үшін аудандық полиция бөлімінің 7 қызметкері кешке дейін ауыл мен оның маңын аралап, тұрғындардан сұрастырды. Келесі күні іздестіру жұмыстарына көршілес ауылдық округтердің учаскелік инспекторлары, қызметтік-іздестіру иті бар кинолог және дрон операторы қосылды. Тәртіп сақшылары айналаны түгел тексеріп, бейнебақылау камераларының жазбаларын қарады.

    Алайда тексеру барысында күтпеген жайт анықталды: сиыр ұрланбаған, тіпті жоғалмаған болып шықты. Белгілі болғандай, мал иесі оны басқа ауданның тұрғынына 550 мың теңгеге сатып жіберген.

    Әйел мұны әпкесіне қаржылай көмектесу үшін күйеуінің рұқсатынсыз жасағанын түсіндірді. Әйел полицияға жүгіну арқылы сиырды сатып жібергенін жұбайынан жасырмақ болған. Осылайша, жалған хабарламаның салдарынан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері уақыт пен күш-жігерін босқа жұмсауға мәжбүр болды.

    Арнайы қызметтерді жалған шақырғаны үшін ауыл тұрғынына 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

    Полицейлер тұрғындарды мұндай әрекеттерге жол бермеуге шақырады. Заң мен тәртіп әр адамның өз ісіне жауапкершілікпен қарауынан басталады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары