Солтүстік Қазақстан облысының 5 мыңнан астам педагогі интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған бірыңғай профилактика күні аясындағы кездесуге қатысты. Іс-шара Петропавл қаласындағы №7 мектеп базасында өтті. Қала және аудан мектептерінің білім беру қызметкерлері бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды. Кездесуде киберқылмыстың кең таралған тәсілдері талқыланды.
Полицейлер жүйелі профилактикалық жұмыстың нәтижесінде облыста интернет-алаяқтық фактілерінің саны үштен бірге жуық азайғанын атап өтті. Биыл 10 айда 443 осындай қылмыс тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 632 болған. Оның 302-сі «айна несие» схемасы бойынша жасалған.
Жәбірленушілердің қатарында білім беру саласына қатысы бар 35 адам бар. Олардың арасында студенттер, педагогтер, кітапханашылар және басқа да қызметкерлер бар. Мұғалімдердің бірі «Egov-тен хабарласып тұрмыз» деген қоңырауға сеніп, 4 миллион теңгесінен айырылған. Әйелге электрондық цифрлық қолтаңбасының мерзімі аяқталуға жақын екенін айтып, оны ұзарту үшін SMS арқылы келген кодты хабарлау қажет екенін жеткізген.
Полицейлер мұндай кодтарды ешкімге айтуға болмайтынын үнемі ескертеді. Алайда кодты айтып қойған жағдайда да үрейленудің қажеті жоқ. Бір ғана SMS-код арқылы басқа адамның атына несие рәсімдеу мүмкін емес. Соған қарамастан, алаяқтар әйелге өзін Egov қызметкері ретінде таныстырып, оның кредиттік тарихында қылмыскерлер рәсімдеген несиелер пайда болғанын айтқан. Мұғалім бұған сеніп қалған.
Алаяқтар жалған несиелерді «жою» үшін әйелді өз атына «айна несие» рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндірген. Мұғалім олардың айтқанын орындап, тек содан кейін ғана алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полицейлер жәбірленушінің ақшасын қабылдап, одан әрі қылмысты ұйымдастырушыларға жеткізген төрт дроппердің барлығын анықтады. Олардың екеуі Қазақстанда, қалған екеуі Өзбекстанда тұрады. Жәбірленуші келтірілген шығынды азаматтық-құқықтық тәртіппен өндіріп алу мүмкіндігіне ие.
Жыл басынан бері СҚО-да тіркелген интернет-алаяқтық фактілері бойынша 26 қылмыстық іс сотқа жолданды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









