Қала қауіпсіздігі тәулік бойы бақылауда. Бұл — Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Қуаныш Сүлейменовтің күнделікті қызметінің басты қағидасы.
Сағат 07:20-да күндізгі ауысымның саптық таралымы өтеді. Қуаныш орынбасарларымен және взвод командирлерімен бірге жеке құрамды тексеріп, патрульдік нарядтардың қызметке дайындығын бағалайды, міндеттерді бөледі. Полиция капитаны Сүлейменовтің қарамағында 150-ден астам қызметкер бар.
Қаладағы ахуалды үнемі бақылауда ұстау — батальон командирінің басты міндеттерінің бірі.Кейде күнделікті қызмет барысында түскен қарапайым хабарламаның өзі күрделі жағдайға ұласуы мүмкін. Мұндай сәтте полицейлердің жеделдігі мен дұрыс шешім қабылдай білуі аса маңызды.
Қуаныш полиция қызметінде 12 жылдан бері еңбек етіп келеді. Инспектордан бастап командирге дейінгі қызмет жолынан өткен, түрлі күрделі жағдайларға бірнеше рет тап болған.
2019 жылдың тамызында Қуаныш Сүлейменов әріптестерімен бірге ашық тұрған гараж туралы хабарламаға барады. Ол кезде полицияның кіші лейтенанты шенінде қызмет еткен. Бастапқыда оқиға аса күрделі болып көрінбеген: гараждың иесін анықтап, ол келгенге дейін мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет еді.
Алайда гараж қақпасына жақындағанда, олар бояу материалдарының өткір иісін сезеді. Ішке кірген полицейлер жертөлеге апаратын люкті байқайды. Төменнен әлсіз ыңырсыған дыбыс естіледі. Белгілі болғандай, екі ер адам жертөленің қабырғаларын бояп жатып, улы булардан уланып қалған.
Екі ер адам да ес-түссіз жатқан. Әр секунд қымбат еді. Қуаныш әріптесіне гараждан табылған масканы киіп, арқанмен төмен түсуді ұсынады. Әріптесі зардап шеккендерді арқанмен байлап жатса, Қуаныш оларды жоғарыға тартып шығарады. Жертөледегі улы иіс люктің маңында тұрғандардың өзін тұншықтыра жаздаған.
Полицейлер зардап шеккендерге жедел көмек көрсетіп, медицина қызметкерлері келгенге дейін олардың жағдайын бақылауда ұстады.Олардың батыл әрі жедел әрекетінің арқасында ер адамдардың бірі аман қалады.
Қуаныштың қызмет жолында адамдарға көмек көрсеткен мұндай оқиғалар аз емес. Биыл жазда ол көру қабілеті нашар, адасып кеткен зейнеткерді іздеп тапты. Айналадағы аулаларды тексергеннен кейін, жоғалған адамның жұбайы оны соңғы рет көрген дүкеннің иесіне жүгініп, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарауды сұрайды. Осылайша зейнеткердің қай уақытта және қай бағытқа кеткені анықталады. Көп ұзамай Қуаныш оны бөтен үйдің кіреберісінен табады.
Командир болса да, Қуаныш күнделікті қызметтің ортасында жүріп, жеке құраммен бірге жұмыс істеуді жалғастырады. Қыркүйек айында сауда үйінде баланың ұялы телефоны жоғалғаны туралы хабар түскенде, ол іздестіруге бірден кіріседі.
Сол сәтте Қуаныш бір телефонды қолына ұстап, екіншісін қалтасына салып жүрген жас жігітті байқайды. Телефон туралы сұрағанда, жігіт абдырап, оны еденнен тауып алғанын айтады. Құрылғы жоғалған телефонның сипаттамасына дәл келіп, көп ұзамай иесіне — балаға қайтарылады.
Бұл — әріптестері білетін оқиғалардың бір бөлігі ғана. Патрульдік полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысында адамдарға қол ұшын созып, қиын сәтте қолдау көрсететін жағдайлар аз емес. Бірақ олардың көпшілігі мұны ерекше ерлік емес, қызметтік міндетінің бір бөлігі деп қабылдайды.
Кешкі уақытта да батальон командирінің жұмысы аяқталмайды. Түнгі ауысымның саптық таралымы өтеді. Қайтадан қызметтік нарядтардың жұмысын бақылау, қызметкерлердің жағдайын тексеру және оларға қолдау көрсету қажет.
Қазан айында Солнечный кентінен қайтып келе жатқанда, Қуаныш Новопавловкадағы саяжай аумағынан өртті байқайды. Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен Қуаныш пен оның орынбасары жанып жатқан ағаш үйден бір метр жерде ес-түссіз жатқан мас күйдегі ер адамды көреді. Қатты ыстықтан үйге жақындау қиын болған. Полицейлер ер адамды қауіпті аймақтан алып шығып, есін жиғызады.
Қызметтен тыс уақытта Қуаныш — екі баланың қамқор әкесі. Жұмыс кестесіне байланысты Қуаныштың ұлы мен қызын мектептен қарсы алуға мүмкіндігі жиі бола бермейді.
Қызметтік киімін шешіп, үйіне оралған кезде де Қуаныштың бойындағы адамдарға деген жанашырлық, жауапкершілік пен көмекке дайын тұру қасиеттері өзгермейді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









