БЕРЛИН, 2026 жылғы 18 қараша– Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінде биыл «Сиқырлы сыбызғы мен жұлдызды арфа - ертегілер мен хикаялардағы музыка» ұранымен өтіп жатқан 37-ші Берлин ертегілері күндері аясында неміс мектеп оқушыларымен кездесу өтті.
Фестивальді жыл сайын Германияның Märchenland e.V. ертегілер мәдениеті орталығы ұйымдастырады. Ол түрлі елдердің өкілдерін біріктіріп, неміс оқушыларын әлем халықтарының мәдениетімен, фольклорымен және әдеби мұрасымен таныстырады.
Кездесу барысында жас қатысушылар «Ақсақ құлан» және «Ойлыбайдың қара бурасы» атты қазақтың халық аңыздарының мазмұнымен сусындап, музыканың құдіреті, даналық пен адамның өз бойындағы дарынға деген жауапкершілігі туралы білді.
«Ақсақ құлан» аңызында Жошы ханның ұлы аң аулау кезінде қаза тапқаны және бұл қайғылы хабарды билеушіге домбыраның зарлы күйі арқылы жеткізген дана қарт Кетбұға туралы баяндалады. Күйші бүкіл оқиғаны бір ауыз сөз айтпастан музыка тілімен жеткізіп, өнердің құдіретін танытады.
«Ойлыбайдың қара бурасы» аңызы тыңдармандарды қобызда ойнау шеберлігі ерекше күшке ие болған дарынды музыкантпен таныстырады. Оның күйлері табиғаттың тылсым күштерін оятып, көмекке алып қара бураны шақыра алатын болған. Аңыз адамға берілген айрықша дарынның қадірін біліп, оны орнымен пайдалану жауапкершілігін еске салады.
Кездесудің ерекше әсерлі сәттерінің бірі – қазақтың күйін домбырада жанды дауыста орындау болды. Неміс оқушылары қазақ музыкалық мәдениетінің басты нышандарының бірі, домбыраның үнін тыңдап қана қоймай, оның жай ғана музыкалық аспап емес, тұтас тарих пен терең сезімді сөзсіз жеткізе алатын қазақ даласының өзіндік үні екенін сезінді.
Мектеп оқушылары қазақ аңыздарын зор қызығушылықпен тыңдап, сұрақтар қойып, оларды неміс ертегілерімен салыстырды. Сонымен қатар кездесу қатысушылары Елшілік музейінің Қазақстан тарихына, мәдениеті мен дәстүрлеріне арналған тұрақты экспозициясымен танысты.
Мұндай іс-шаралар Қазақстанның мәдени мұрасын шетелде кеңінен насихаттауға, жас ұрпақты түрлі халықтардың дәстүрлерімен таныстыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









