Alatau City Германияның іскерлік қауымдастығына таныстырылды

    1 / 9

    Берлин/Франкфурт-на-Майне, 2026 жылғы 5 қараша – Германияның астанасы Берлинде және қаржы орталығы Майндағы Франкфурт қаласында ауқымды Alatau City жобасының инвестициялық тұжырымдамасын таныстыруға арналған роуд-шоу іс-шаралары өтті.

    Іскерлік бағдарламаға Германияның жетекші өнеркәсіптік компанияларының, қаржы институттарының және салалық бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Кездесулер барысында неміс инвестицияларын тарту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, озық технологияларды енгізу және жаңа қаланың инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыруға неміс бизнесінің қатысуы мәселелері негізгі назарға алынды.

    Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды. Делегация құрамына мемлекеттік органдардың, Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің, Alatau City Authority ұйымының, даму институттары мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдері кірді.

    Сапар аясында Германия Федералдық канцлерінің ведомствосында, Сыртқы істер министрлігінде, Экономика және энергетика федералдық министрлігінде, сондай-ақ Тұрғын үй, қала құрылысы және құрылыс федералдық министрлігінде бірқатар саяси кездесулер өткізілді.

    Роуд-шоудың басты оқиғалары Берлинде және Майндағы Франкфуртте өткен «Alatau City Investment Round Table in Berlin» және «Alatau City Investment Round Table in Frankfurt am Main» атты екі инвестициялық дөңгелек үстел болды.

    Берлиндегі кездесуде жаңа қаланы дамытудың басым бағыттары, перспективалы инфрақұрылымдық жобалар және қалалық әрі өнеркәсіптік экожүйені қалыптастыруға халықаралық компанияларды тарту мүмкіндіктері талқыланды.

    Іскерлік бағдарлама аясында Германия экономикасының Шығыс комитетінің, Германия өнеркәсіп федералдық одағының ( BDI), German Water Partnership ұйымының, Германия энергетика агенттігінің ( dena), сондай-ақ Henkel, John Deere, Rolls-Royce Power Systems, Sana Kliniken және D.A.R. Metall компанияларының өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.

    Майндағы Франкфуртте Alatau City инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларын іске асыру үшін халықаралық капитал мен банк қаржысын тарту мәселелеріне баса назар аударылды.

    Қазақстан делегациясы KfW IPEX-Bank, Deutsche Bank және AKA Bank өкілдерімен кездесулер өткізді. Тараптар қолжетімді қаржыландыру құралдарын, кредит беру тетіктерін, инвестициялық жобаларды құрылымдау мәселелерін және неміс банк топтарымен ынтымақтастық перспективаларын қарастырды.

    Іскерлік сапар қорытындысы бойынша Alatau City Authority мен Берлин және Франкфурттегі серіктестер арасында бірқатар құжатқа қол қойылды. Олар қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітіп, алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Германия Федеративтік Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі" жаңалықтары