Берлин, 2026 жылғы 15 қазан – Бүгін Германия астанасында Қазақстан Республикасының Республика күні мерекесі қарсаңында концерт өтті.
Салтанатты іс-шара Берлинде тұратын және білім алып жүрген Қазақстан азаматтарын, қазақ диаспорасының өкілдерін, этникалық немістерді, сондай-ақ еліміздің неміс достарын біріктірді.
Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшісі Нұрлан Онжанов құттықтау сөз сөйлеп, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы негізгі кезеңдерді бейнелейтін Республика күнінің тарихи маңызын атап өтті. Ол шетелде ұлттық мұраны сақтаудың және кеңінен насихаттаудың маңыздылығына ерекше тоқталып, мәдени бастамалар Қазақстан мен Германия арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға және достық қарым-қатынастарды дамытуға ықпал ететін маңызды құрал екенін атап көрсетті.
Кештің музыкалық және хореографиялық бағдарламасын «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, «Томирис» би ұжымы, сондай-ақ Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрдың әртістері ұсынды. Өнерпаздардың орындауында қазақ мәдениетінің өзіндік болмысын танытатын халық шығармалары шырқалды.
Шетелде тұратын қазақстандықтар үшін бұл кеш туған тамырларына қайта оралып, ұлттық дәстүрлерімен қауышуға мүмкіндік берді. Ал неміс қонақтары Қазақстанның мәдениетімен және оның бай мұрасымен жақынырақ танысты.
Концерттің өткізілуі Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуда мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды рөл атқаратынын тағы бір мәрте көрсетті. Сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық өзара іс-қимылмен қатар, мәдени іс-шаралар өзара түсіністікті тереңдетуге, мәдениетаралық диалогты кеңейтуге және екі ел халықтары арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
2027 жылы атап өтілетін Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуының жақындауы іс-шараның маңызын арттыра түсті. Осындай бастамалар екіжақты әріптестікті одан әрі дамытуға, мәдени алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге және екі елдің тарихи әрі ұлттық дәстүрлеріне деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.









