«Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысушылар оқыған шығармалары туралы 55 мыңнан астам бейнепікір жариялады

    Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны жалғасып жатыр. Жоба басталғалы қатысушылар әлеуметтік желілерде оқыған кітаптары туралы 55 мыңнан астам бейнепікір жариялады.

    Марафонға еліміздің барлық өңірінен мектеп оқушылары, студенттер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері қатысып жатыр. Олар оқыған шығармалары туралы өз пікірін білдіріп, кітаптың негізгі идеясы туралы әңгімелейді.

    Марафон ережесі бойынша қатысушылар бейнепікір дайындауы қажет. Қатысушы кітапты оқып, жазбаша пікір дайындағаннан кейін әлеуметтік желідегі ашық парақшасында қысқа бейнежазбасын жариялайды. Модераторлар мақұлдаған әр бейнепікір үшін 50 ұпай беріледі.

    Мәселен, Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Марат Сейілханов «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» санаты бойынша қатысып жатыр. Ол В.Чан Ким мен Р.Моборнның «Көк мұхит стратегиясы» және Генри Киссинджер, Дэниел Хаттенлокер мен Эрик Шмидттің «Жасанды сана және адамзаттың жаңа дәуірі» кітаптары туралы өз ойын айтты.

    «Алғашқы кітап күнделікті атқаратын жұмысымызға басқаша қарауға үйретті. Ал екіншісі жасанды интеллектінің өмірімізге тигізетін әсері жайында тереңірек ойлануға жетеледі. Бейнепікір арқылы әріптестеріммен өзіме пайдалы болған дүниелерді бөліскім келді. Солардың тым болмаса біреуі осы кітаптарды оқып шықса, мақсатымның орындалғаны», – деді Марат Сейілханов.

    Қостанай облысындағы Kia Qazaqstan зауытының қызметкері Ескендір Испамбетов те бірқатар туындыны оқып, алған әсерін ортаға салды. «Кітап оқитын зияткер» санатына қатысушы Уильям Голдингтің «Шыбындар әміршісі» және Юваль Ной Хараридің «ХХІ ғасырға 21 сабақ» шығармалары туралы бейнепікір жариялады.

    «Екі кітап та маңызды мәселелер туралы ойландырды. Оқығаныңды өзгеге айтып бергенде, шығарманың мазмұнын өзің де тереңірек түсіне бастайсың. Осындай бейнепікірден кейін әріптестерімнің кітапқа қызығып, не оқуға болатынын сұрағаны қуантады», – деді Ескендір Испамбетов.

    Бейнежазбалар марафонға деген көпшіліктің қызығушылығын арттырумен қатар, кітап оқуды насихаттауға да септігін тигізіп келеді. Қатысушылар бір-біріне кітап ұсыну арқылы әдебиетке құштар оқырман қатарын қалыптастырады.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Целиноград ауданының әкімдігі" жаңалықтары