Берлин, 2026 жылғы 30 қазан – Бүгін Германия астанасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі ережелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Германияның мемлекеттік органдарының өкілдері, сарапшылар мен академиялық қауымдастық мүшелері, іскер топтар, сондай-ақ Германияның бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшісі Нұрлан Онжанов кіріспе сөзінде Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттарын таныстырды. Ол ауқымды саяси және институционалдық жаңғыру аясында Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отырғанын атап өтті. Бұл кезеңнің негізгі басымдықтары әлеуметтік-экономикалық даму, технологиялық жаңғырту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру.
Қазақстанды одан әрі дамытудың негізгі бағыттарына, оның ішінде инфрақұрылымды жаңғыртуға, көлік-логистикалық әлеует пен энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізуге ерекше назар аударылды. Белгіленген басымдықтарды іске асыру тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ұлттық экономиканы әртараптандыру үдерісін жеделдетуге бағытталған.
Іс-шара барысында Германияның сарапшылары Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуеті мен халықаралық сауда жолдарының тоғысындағы стратегиялық орналасуының маңызын атап өтті. Олардың пікірінше, осы тұрғыда 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары қорытындысы бойынша көлік-логистика саласында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыру айрықша маңызға ие. Көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту Еуропа елдерімен экономикалық байланыстарды нығайтуға және Германиямен іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.
Кездесу барысында энергетикалық қауіпсіздік, өнеркәсіпті жаңғырту және инвестиция тарту мәселелері де талқыланды. Осыған байланысты энергетика, машина жасау, көлік технологиялары, өнеркәсіптік кооперация және цифрландыру салаларындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара қызығушылық бар екені атап өтілді.
Экономикалық өзгерістермен қатар, Жолдауда айқындалған әлеуметтік басымдықтар да қарастырылды. Атап айтқанда, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамыту, сондай-ақ кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері сөз болды. Сарапшылар жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелері азаматтардың өмір сүру сапасынан тікелей көрініс табуының маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Қазақстанның одан әрі даму перспективалары мен қазақ-герман ынтымақтастығын тереңдету мүмкіндіктері жөнінде мазмұнды пікір алмасу өтті.









