
Брюссель, 2026 жылғы 7 қазан – Бүгін Бельгия астанасында «Global Gateway Investment Hub және Еуропалық Global Gateway бастамасын іске асырудың басқа да тетіктері» тақырыбында Берлин Еуразиялық клубының 47-отырысы өтті.
Іс-шараға Қазақстан мен Еуропалық Одақтың мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастықтарының, сарапшылық және ғылыми орта өкілдері, логистикалық компаниялар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Роман Василенко өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, стратегиялық ынтымақтастық бағыттарын, оның ішінде Global Gateway бастамасы аясында қолдау көрсету бойынша Еуропалық комиссиямен белсенді ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
Германия экономикасының Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс өз кезегінде Қазақстанмен және Азиямен экономикалық ынтымақтастықтың зор әлеуетін тиімді іске асыру үшін логистикалық қуаттарды жедел арттырудың маңыздылығына назар аударды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешев Қазақстанның инвестициялық саясатының негізгі аспектілері жөнінде баяндама жасап, елдің инвестициялық дамуындағы негізгі бағыттар мен қолайлы инвестициялық ахуалды одан әрі нығайту шараларын атап өтті.
Бұдан әрі «Global Gateway Investment Hub – инвестициялардың драйвері және Қазақстанды жаңғыртудың жаңа кезеңі» тақырыбында панельдік пікірталас өтті. Оның барысында басым жобаларды айқындауға, ілгерілетуге және іске асыруға бағытталған, бірлескен өндірістік және жеткізу тізбектерін нығайтуға әрі жеделдетуге арналған нысаналы еуропалық бағдарламалар шеңберіндегі өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды.
Пікірталас барысында Еуропалық комиссияның Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерімен халықаралық әріптестік жөніндегі директоры Петерис Устубс ЕО-ның шағын және орта бизнесті қолдауды кеңейтуге, оның ішінде жеке инвестицияларды тартуға жәрдемдесуге және қажетті кепілдіктер беруге мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Global Gateway аясындағы қолдау қаржылық құралдармен ғана шектелмейді, сонымен қатар саяси қолдауды, көлік саласындағы қолдауды және басқа да бағыттарды қамтиды. П.Устубс шағын және орта бизнесті ресурстарды шоғырландыру мақсатында консорциумдарға белсендірек бірігуге шақырды.
Қатысушылар инвестициялық, көлік және логистикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары жөніндегі практикалық тәжірибелері мен өз көзқарастарымен бөлісті. Олар бірлескен жобаларды тиімді іске асыру үшін мемлекеттік институттардың, халықаралық қаржы ұйымдарының және жеке сектордың күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық әріптестікті одан әрі дамыту үшін Орта дәліз аясындағы көлік инфрақұрылымын жетілдіруге салынатын инвестициялардың стратегиялық маңызына ерекше назар аударылды.








