Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінде «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» атты патриоттық іс-шара өтті. Оған қызмет өтілі бір жылға толмаған жас полицейлер, ішкі істер органдарының ардагерлері және № 29 мектептің «Жас сақшы» полиция сыныбының оқушылары қатысты.
Кездесуде Ғазиз Байтасовтың ерлігі, сондай-ақ қызметтік міндетін атқару кезінде батылдық танытқан солтүстікқазақстандық полицейлердің ерлік істері туралы айтылды. Көрсетілген бейнематериалдар кәсібилік, жанқиярлық және өзгенің өмірін сақтап қалу үшін басын қатерге тігуге дайын болу сияқты қасиеттерді танытқан оқиғаларды еске салды.
Полиция ардагерлері Бауыржан Рахимжанов пен Николай Пилипич қызмет жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, жас буынға ақыл-кеңестерін берді. Олар тәртіптің, жауапкершіліктің, сабырлылық пен антқа адалдықтың маңызын атап өтті.
Жас қызметкерлер мен «Жас сақшы» оқушылары үшін бұл кездесу адамдарға қызмет етудің шынайы үлгісін көруге, әріптестерінің ерлік істерімен танысуға және ішкі істер органдарының дәстүрлеріне қанығуға мүмкіндік берді. Батырлардың ерлігі мен ардагерлердің өмірлік тәжірибесі жас ұрпақтың мамандыққа деген құрметін арттырып, оның әр қызметкерге жүктейтін жауапкершілігін терең түсінуге ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









