Алматыда жас полиция қызметкерлері мен олардың тәлімгерлері кездесті. Іс-шараға Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов, ішкі істер органдарының ардагерлері және жас тәртіп сақшылары қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қызметтік тәжірибені жас мамандарға жеткізу және ішкі істер органдарына жаңадан келген қызметкерлердің кәсіби ортаға бейімделуіне көмектесу.
Бүгінде Алматы қаласы полиция департаментінде 535 жас қызметкер қызмет етеді. Олардың әрқайсысына тәжірибелі тәлімгер бекітілген. Тәлімгерлер жас мамандарға қызметтің қыр-сырын меңгеруге, міндеттерін түсінуге және қажетті кәсіби қасиеттерді қалыптастыруға көмектеседі.
Кездесуге қатысушыларға сөз сөйлеген Айдын Кабдулдинов полиция қызметкерінің қалыптасуында қызметтің алғашқы жылдары ерекше маңызды екенін атап өтті.
– Полиция – бұл жоғары жауапкершілікті, тәртіпті, батылдықты және адамдарға құрметпен қарауды талап ететін қызмет. Жас қызметкерлер мынаны ұмытпауы керек: полиция формасын кию – үлкен мәртебе, ал сол мәртебеге лайық болу – одан да үлкен жауапкершілік. Әрбір шешім заңға негізделуі керек, ал әрбір әрекет ар-ұят пен кәсіби борышқа сай болуы тиіс. Аға әріптестерінің тәжірибесі мен жеке үлгісі жас буынның қоғам сенімін ақтайтын, абыройлы офицер болып қалыптасуына көмектесетініне сенімдімін, – деді Айдын Кабдулдинов.
Кездесу барысында тәлімгерлер мен ішкі істер органдарының ардагерлері қызметтік тәжірибелерімен, өмірлік оқиғаларымен және пайдалы кеңестерімен бөлісті. Ал жас қызметкерлер қызметтің алғашқы қадамдары, кездесіп жүрген қиындықтары мен алдағы жоспарлары туралы әңгімеледі.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – тәлімгерлік жұмысына белсенді қатысып, жас әріптестерінің кәсіби қалыптасуына елеулі үлес қосып жүрген қызметкерлерді марапаттау рәсімі болды. Оларға алғыс хаттар табысталды.
Мұндай кездесулер тәлімгерлік институтын нығайтуға, кәсіби мәдениетті қалыптастыруға және антқа адалдықты, заңды әрі қоғамға қызмет етуді басты қағида санайтын жаңа буын полицейлерді тәрбиелеуге бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









