Алматыда мыңдаған жас ғалымның басын қосқан III Халықаралық жас ғалымдар конгресі өтті. Шара аясында ұйымдастырылған көрмеде №173 мектеп-лицейінің оқушылары Ануар мен Нұрәлидің жасанды интеллект элементтері бар робот жобасы көпшілік назарына ұсынылды.
Жас өнертапқыштар бұл туындыны танымал PIXAR студиясының «Уалли» кейіпкеріне ұқсатып жасаған. Олардың айтуынша, бұл робот болашақта адамның сенімді шағын көмекшісі бола алады.
Инженерлік жұмыс туралы айтқан оқушылар алғашқы нұсқасын картоннан жасап көргендерін, бірақ сапасын жақсарту үшін негізгі бөлшектерін түгелдей 3D принтер арқылы басып шығарғанын жеткізді. Роботтың ішіне сымсыз байланысты қамтамасыз ететін ESP32 микроконтроллері орнатылып, кез келген бағытта еркін қозғалуы үшін 7 мотор біріктірілген.
Бүгінгі таңда толық аяқталмаған жобаның авторлары алдағы уақытта роботтың көздеріне камера орнатып, қашықтықтан сымсыз басқару жүйесін толық жетілдіруді жоспарлап отыр.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









