11 қараша күні Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Астана қаласы бойынша мәслихат сайлауын өткізуге дайындық барысымен танысты. Ол ОСК мүшелерімен бірге бірқатар округтік комиссиялар мен сайлау учаскелерін аралап, мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен кеңес өткізді.
Кеңес барысында Астана қаласының құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар басшыларының, сондай-ақ аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының баяндамалары тыңдалды. Жиынға Елорданың аумақтық және округтік сайлау комиссияларының мүшелері де қатысты. Отырыс барысында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Нұрлан Әбдіров мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының үйлесімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етудің, заңдылықты сақтаудың, сондай-ақ сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
«Сайлау қарсаңында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері инспекциялық сапарлармен еліміздің барлық өңірлерін аралап жүр. Сайлау комиссиялары мемлекеттік органдармен бірлесіп, дауыс беру күні сайлаушылар үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл ретте ауа райы жағдайлары, қауіпсіздік мәселелері, электрмен жабдықтаудың резервтік көздері мен сапалы байланыс желісінің болуы, әсіресе онлайн-сервистер жұмыс істейтін сайлау учаскелерінде ескерілуі қажет. Осыған байланысты сайлау комиссиялары мен тиісті мемлекеттік органдар жұмысының үйлесімділігі ерекше маңызға ие»,- деп атап өтті ОСК Төрағасы.
Нұрлан Әбдіров №10 округтік сайлау комиссиясының және №225, 493, №494 учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен де танысты. Ол комиссиялардың сайлауға дайындығын, комиссия мүшелерінің жұмыс жағдайын, үй-жайлардың жабдықталуын, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін, сондай-ақ дауыс беру күніне дайындықтың практикалық мәселелерін зерделеді. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен әңгімелесу барысында заңнама талаптары мен сайлау рәсімдерінің қатаң сақталуына зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Мүгедектігі бар адамдардың сайлау учаскелеріне қолжетімділік мәселесіне ерекше мән берілді.
Ортсайлауком ұйымдастырған оқыту семинары барысында 60-тан астам округтік сайлау комиссиясының мүшесі теориялық білімдері мен практикалық даярлық деңгейін арттыруға мүмкіндік алды. Қорытынды тестілеу нәтижелері бойынша қатысушылардың басым бөлігі сайлау заңнамасының талаптары мен нормаларын жетік меңгергенін көрсетті.
Айта кетейік, Астана қаласы мәслихаты депутаттарының ағымдағы сайлауына барлығы 470 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Оның ішінде 7 аумақтық, 17 округтік және 446 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Сайлау комиссиялары мүшелерінің жалпы саны - 4 004 адам. Елордадағы сайлаушылар саны 1 031 000 азаматтан асады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








