Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Атырау облысында мәслихат депутаттарын сайлауға дайындық барысымен танысты. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов, комиссия мүшесі Азамат Айманакумов және ОСК аппаратының қызметкерлерінен жасақталған делегация 10 қараша күні өңірде инспекциялық сапармен барды.
Өңірге сапар аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, тиісті мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысқан кеңестен басталды. Жиында 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу, сайлау комиссияларының жұмысын үйлестіру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сондай-ақ сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын арттыру мәселелері қаралды.
Өз сөзінде ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың маңыздылығын атап өтіп, алдағы сайлау науқанының ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды. Ол барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын заңнама талаптарына сәйкес, ашық әрі айқын түрде өткізу қажеттігін баса айтты.
«Мемлекет басшысының 12 қазандағы Жарлығымен мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, кезектен тыс сайлау тағайындалды. 13 қазанда Орталық сайлау комиссиясының алғашқы отырысы өтіп, онда ағымдағы сайлау науқанының үлгілік күнтізбелік жоспары мен негізгі ұйымдастыру мәселелері бекітілді. Қазіргі уақытта сайлаушылардың тізімдері нақтыланып, учаскелік сайлау комиссияларына тапсырылды. Еліміз бойынша 3 мыңнан астам округтік және 10 300-ден астам учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс жасауда. Біздің міндетіміз - олардың жұмысын үйлестіру және әділ сайлау өткізу үшін барлық қажетті жағдайды қамтамасыз ету»,- деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
ОСК Төрағасы атап өткендей, сайлау науқанына еліміз бойынша 86 мыңға жуық сайлау комиссиясының мүшесі тартылады. Оның ішінде 70 мыңға жуығы учаскелік сайлау комиссияларында, 15 мыңнан астамы округтік сайлау комиссияларында жұмыс істейтін болады. Олардың көпшілігі референдумдар мен сайлауларды өткізу тәжірибесіне ие. Сонымен қатар соңғы жылдары округтік сайлау комиссиялары ауқымды сайлау науқандарына тартылмаған. Осыған байланысты қазіргі уақытта олардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Сапар аясында оқыту семинары ұйымдастырылып, оған офлайн және онлайн форматтарда 110-нан астам адам қатысты.
Сапар барысында Нұрлан Әбдіров Атырау қаласындағы №40, 90, және №265 сайлау учаскелерін аралап, №1 облыстық округтік сайлау комиссиясының, сондай-ақ қалалық №2, №6 және №11 округтік сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесті. Кездесулер барысында дауыс беру күніне дайындық барысы, кандидаттарды тіркеу, сайлаушылар тізімдерін нақтылау, сайлау учаскелерінің жабдықталуы, мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ байқаушылар мен БАҚ өкілдерінің жұмысына қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, облыста барлығы 374 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде 9 аумақтық, 87 округтік және 278 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Олардың құрамында 2 536 адам қызмет атқарады. Ал өңірдегі сайлаушылардың жалпы саны 425 мыңнан асады.
Сайлау инфрақұрылымының дайындығын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының үйлесімді жұмысын жолға қою, азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайлар жасау - Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның Жамбыл облысына сапарының негізгі мәселелеріне айналды. Мемлекеттік, құқық қорғау және өзге де жауапты органдар өкілдерімен өткен кеңесте өңірдің алдағы мәслихат депутаттарының сайлауына дайындығы және сайлау заңнамасы талаптарының сақталуы мәселелері қаралды.
Өңірдегі сайлау учаскелерін аралау барысында Мұхтар Ерман дауыс беруге арналған үй-жайлардың жабдықталуын, пандустардың, ақпараттық стендтердің және мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы жабдықталған бұрыштардың болуын тексерді.
Сонымен қатар ол округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне, сондай-ақ сайлау процесінің өзге де қатысушыларына арналған оқыту семинарына қатысты. Семинар барысында азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру мен сайлау заңдылығының сақталуын қамтамасыз етудегі кәсіби даярлықтың маңыздылығына назар аударды.
Жамбыл облысында сайлау өткізуге барлығы 714 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Олардың құрамында 4 612 адам бар. Қазіргі уақытта өңірдегі сайлаушылар саны 733 мыңнан асады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







