Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының жанындағы Сарапшылық кеңестің жас және болашақ сайлаушылардың электоралдық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне арналған кеңейтілген отырысы өтті.
Отырысқа ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшелері, Мәдениет және ақпарат, оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Астана және Алматы қаласы бойынша жас сайлаушылар клубтарының өкілдері қатысып, жастардың сайлау процесіне қатысу мәдениеті мәселелерін, электоралдық мәдениеттің құқықтық аспектілерін қарастырып, электоралдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған институттар жұмысының маңызын талқылады.
Кіріспе сөзінде Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы жастар арасында электоралдық мәдениетті дамыту бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Осы жұмыстың нәтижелерінің бірі - тиісті іс-шаралар жоспарының әзірленуі. Аталған жоспарды іске асыруға Орталық сайлау комиссиясымен қатар, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар тартылған.
«Біз жастарды еліміздің басты электоралдық әлеуеті ретінде қарастырамыз. Жас және болашақ сайлаушылармен жұмыс істеу бағытындағы жүйелі жұмыстардың тарихы 2022 жылдан бастау алады. Осы уақыт ішінде барлық өңірде «сұрақ-жауап» форматында 50-ден астам ашық кездесулер өткізіліп, 8 мыңнан астам жас қамтылды. Мемлекеттік органдардың әлеуетін біріктіру және бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасының Президентіне осы бағытта жүйелі шаралар кешенін әзірлеу туралы ұсыныс енгіздік. Біздің бастамамызды мемлекеттік органдар да жан-жақты қолдады. Осылайша, тиісті жұмыс қолға алынды. Орталық сайлау комиссиясы ведомстволық «Жас және болашақ сайлаушылардың электоралдық мәдениетін қалыптастыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының» жобасын әзірлеп, бүгін Сарапшылық кеңес мүшелерінің назарына талқылау, ұсыныстар мен ұсынымдар алу үшін ұсынып отырмыз»,- деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Еліміздің барлық өңірінде сайлау комиссиялары жанынан құрылған 248 жас сайлаушылар клубының жұмысының нәтижелері, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының салалық министрліктермен бірлескен жұмысының маңызы туралы ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік баяндама жасады. Ол клуб мүшелері жүзеге асырған бірқатар бастамаларға тоқталып, жастардың электоралдық сауаттылығын арттыру саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың стратегиялық басымдықтарын атап өтті.
«Жастардың электоралдық мәдениетін қалыптастыру жөніндегі Үкіметпен бекітілген жоспар бес негізгі бағыт бойынша 32 іс-шараны қамтиды. Олар электоралдық білім беруден бастап, жастардың өзін-өзі басқаруын дамытудан бастап, медиасауаттылықты арттыру мен жастардың қоғамдық өмірге қатысуын кеңейтуге дейінгі бағыттарды қамтиды. Мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының әлеуетін біртұтас құжат аясында біріктіру өте маңызды. Сонымен қатар біз бұл Жоспарды түпкілікті құжат ретінде емес, одан әрі бірлескен жұмыстың негізі ретінде қарастырамыз. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы, оқу-ағарту министрлігі, ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ мәдениет және ақпарат министрлігі арасында жастардың электоралдық мәдениетін қалыптастыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасау мәселесін пысықтауды ұсынамыз. Ең бастысы - электоралдық оқу-ағартудың сабақтастығын қамтамасыз ету. Яғни мектепте алған бастапқы білім университетте одан әрі дамып, жастардың азаматтық қызметінде қолданылуы қажет»,- деді Ләззат Сүйіндік.
ОСК мүшесі бірқатар нақты ұсыныс айтты. Атап айтқанда, орта буын оқушыларының мектеп бағдарламасы аясында азаматтардың сайлау құқықтарын зерделеу және жоғары сынып оқушыларына арналған қолданыстағы контентті өзектендіру ұсынылды. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы еліміздегі нақты сайлауды ұйымдастыру қағидаттарына сәйкес келетін мектеп сайлауларын өткізу жөніндегі оқу құралын әзірлеп, басып шығаруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді. Жұмыстың тағы бір бағыты - әлеуметтік желілер мен телеарналарда балаларға арналған сайлау құқықтары, дауыс беру қағидаттары және сайлаудың маңызы туралы қолжетімді ағартушылық контент әзірлеп, оны тұрақты түрде жаңартып отыру. Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру тақырыптарын қалыптастыру кезінде сайлау құқығы мен электоралдық мәдениет саласындағы зерттеулерге қатысты басым бағыттар мен нысаналы көрсеткіштерді қарастыру ұсынылды. Сонымен қатар сайлау тақырыбындағы бастамаларды қолданыстағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттық қаржыландыру және креативті индустрияны дамыту тетіктері арқылы қолдау мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Талқылау барысында Сарапшылық кеңес мүшелері жастардың электоралдық сауаттылығын арттырудың түрлі форматтары бойынша бірқатар бастама ұсынды. Атап айтқанда,Ерлан Бузурбаевжастардың электоралдық білім деңгейін, қызығушылықтарын және ақпарат алудың қолайлы форматтарын анықтау мақсатында Жоспарға әлеуметтік зерттеулер енгізуді ұсынды. Бұл нысаналы топтарды дәлірек айқындауға және ағартушылық іс-шаралардың бағыттылығын арттыруға мүмкіндік береді.Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұргазиева ОСК сайтында сайлау құқығы бойынша оқу материалдары, бейнероликтер мен тесттер жинақталған, сондай-ақ сертификат алу мүмкіндігі қарастырылған арнайы бөлім құру идеясын ұсынды. Сонымен қатар сайлау комиссияларының азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының профессоры, заң ғылымдарының докторы, Сарапшылық кеңес мүшесі Индира Әубәкірова жастардың саналы таңдау жасау дағдыларын заманауи цифрлық форматтар, соның ішінде қысқа бейнероликтер арқылы қалыптастыруға назар аударды. Басқа да ұсыныстар қатарында жастарға арналған жеке білім беру платформасын құру, қала және ауыл жастарының ерекшеліктерін ескеру, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының жастар бірлестіктерімен және саяси партиялармен әріптестігін кеңейту мәселелері қамтылды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Конституционализм және цифрлық құқық институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, Сарапшылық кеңес мүшесі Ермек Әбдрасулов жастарды сайлау процесіне тарту тетіктерінің бірі ретінде электоралдық волонтерлікті дамытуды ұсынды. Оның пікірінше, мұндай тәжірибе жастарға қоғамдық қызметте тәжірибе жинақтауға және болашақта сайлауға, оның ішінде байқаушы ретінде қатысуға мүмкіндік береді.
Сарапшылық кеңес мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамов электоралдық мәдениетті қалыптастырудың теориялық негіздерін нығайту қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар оның ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызын ескеру керектігін атап өтті.
Сарапшылық кеңестің отырысында Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім, сондай-ақ мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері де сөз сөйледі. Олар мектеп оқушылары мен студенттердің электоралдық мәдениетін қалыптастыру және дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, жастардың электоралдық мәдениетін арттыру жөніндегі жоспардың іске асырылу барысын таныстырды.
Сонымен қатар Алматы қаласы Жас сайлаушылар клубының мүшесі Бауыржан Маханбет жастардың электоралдық мәдениетін қалыптастырудағы Жас сайлаушылар клубының рөлі туралы өз пікірін білдірді. Ал елордалық клубтың мүшесі Темерлан Макубаев жастар арасында «құрдастан құрдасқа» қағидаты бойынша диалог жүргізу арқылы электоралдық мәдениетті қалыптастырудың ерекшеліктері туралы баяндады.
Айта кетейік, отырыс материалдары, қатысушылардың баяндамалары мен таныстырылымдары Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтындағы арнайы бөлімде қолжетімді:https://www.election.gov.kz/kaz/sarapshyly-p-k-r/









