Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында бүгін «Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарын сайлауға дайындық және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссияларының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Отырыс жұмысын ашқан ОСК мүшесі Әсел Жанәбілова мәслихат депутаттарын сайлау Қазақстан Республикасындағы саяси жаңғырудың іргелі кезеңі екенін атап өтті. Ол барлық деңгейдегі өкілді органдарды қалыптастыру аралас сайлау жүйесі бойынша жүзеге асырылатынын еске салды. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астанада депутаттардың 50 пайызы пропорционалды жүйе бойынша, яғни партиялық тізімдер арқылы, ал қалған 50 пайызы бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Аудандық деңгейде және облыстық маңызы бар қалаларда депутаттар бірмандатты сайлау округтері бойынша сайланады.
Сондай-ақ сайлау өңірлік деңгейде өткізілетіндіктен, осы үдеріске қатысатын мемлекеттік органдардың өңірлік деңгейдегі ведомствоаралық үйлестіруі ерекше маңызға ие екені атап өтілді.
«Сайлау процесінің заңдылығы, ашықтығы және жоғары ұйымдастырушылық деңгейі аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысына ғана емес, олардың негізгі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының тиімділігіне де байланысты. Өңірлік деңгейдегі ведомствоаралық үйлестіру - «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтаудың, ашықтықты қамтамасыз етудің және сайлау процесіне қатысушылардың барлығына тең жағдай жасаудың басты кепілі. Сайлау комиссияларының Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен, Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметімен нақты әрі үйлесімді өзара іс-қимылы, сондай-ақ сот арқылы қорғалу тетіктері заңдылықты қамтамасыз етудің сенімді сүзгісін қалыптастырады, құқық бұзушылықтардың алдын алады және азаматтардың өкілді билік институтына деген сенімін нығайтады»,– деп атап өтті Әсел Жанәбілова.
Дөңгелек үстел отырысы барысында сайлау комиссияларының мүшелері мен кандидаттар кезігуі мүмкін өзекті мәселелер де талқыланды. Атап айтқанда, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі кандидаттар мен олардың жұбайлары ұсынған активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтердің дұрыстығын кандидаттарды ұсыну кезеңінде тексерудің ерекшеліктері туралы баяндады. ҚР Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметінің қызметкері кандидаттардың азаматтығын анықтау мәселелері жөнінде ақпарат берді. Ал Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің өкілі кандидаттардың соттылығының, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары мен қылмыстарының бар-жоғын тексеру мәселелеріне тоқталды. Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің қызметкері сайлау дауларын жедел қараудың, сайлау құқықтарын қорғаудың және сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Отырыс жұмысына онлайн форматта астана, облыстар, қалалар мен аудандардың аумақтық сайлау комиссияларының, округтік сайлау комиссияларының, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қосылды. Жалпы отырысқа 1100-ге жуық адам қатысты. Қатысушылар өздерін толғандырған ең өзекті мәселелер бойынша жан-жақты жауаптар алды.








