Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 283 бұйрығымен бекітілген талаптарға сәйкес, төменде көрсетілген аурулар мен денсаулық жағдайлары болған кезде мүгедектігі бар адамдарға санаторийлік-курорттық емделу ұсынылмайды.
1. Жіті аурулар және созылмалы аурулардың асқынуы. Аурудың асқынған кезеңінде, іріңді қабыну процестері болғанда, сондай-ақ стационарлық немесе хирургиялық емдеуді қажет ететін жағдайларда санаторийлік емге жол берілмейді.
2. Жұқпалы аурулар. Оқшаулау мерзімі толық аяқталмаған инфекциялық аурулар кезінде емделуге жіберілмейді.
3. Венерологиялық аурулар. Жіті және жұқпалы түрдегі венерологиялық аурулары бар адамдарға қарсы көрсетілім болып саналады.
4. Қатерлі ісік аурулары. Қатерлі жаңа түзілімдер анықталған жағдайда санаторийлік-курорттық емдеу жүргізілмейді.
5. Өздігінен қозғала алмайтын және өзін-өзі күте алмайтын адамдар. Тұрақты күтімді қажет ететін науқастарға емделу шектеледі. Алайда көру қабілеті бұзылған және жұлын аурулары бар адамдарға арналған арнайы санаторийлерде емделу ерекшеліктері ескеріледі.
6. Нашақорлық, созылмалы алкоголизм және психикалық бұзылыстар. Нашақорлық пен созылмалы алкоголизмнің барлық түрлері қарсы көрсетілім болып табылады. Психикалық және мінез-құлық бұзылыстары кезінде ұзақ мерзімді ремиссия, психикалық белгілердің болмауы және жағдайдың тұрақтылығы ескеріледі. Бұл ретте психиатр дәрігерінің немесе дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы қажет.
7. Эпилепсия және эпилепсиялық синдромдар. Ұстамалармен өтетін, оның ішінде емге көнбейтін эпилепсия, сондай-ақ ақыл-ой кемістігімен, мінез-құлық пен әлеуметтік бейімделудің айқын бұзылыстарымен қатар жүретін жағдайлар қарсы көрсетілімге жатады.
8. Синкопальды жағдайлар. Естен тану немесе кенеттен есінен айырылу жағдайлары болған кезде санаторийлік емдеуге шектеу қойылады.
9. Эхинококкоз. Ағзаның кез келген бөлігінде орналасқан эхинококкоз ауруы қарсы көрсетілім болып есептеледі.
10. Қан кетулер. Әртүрлі себептерге байланысты жиі қайталанатын немесе көп мөлшерде болатын қан кетулер кезінде емделуге жол берілмейді.
11. Жүктілік. Акушерлік патология болған жағдайда жүктіліктің кез келген мерзімінде, ал қалыпты жүктілік кезінде 18 аптадан бастап санаторийлік-курорттық емдеу ұсынылмайды.
12. Белсенді туберкулез. Туберкулездің белсенді түрлері туберкулездік емес бағыттағы санаторийлер мен курорттарға жіберуге қарсы көрсетілім болып табылады.
13. Үшінші дәрежелі дистрофия. Ағзаның қатты әлсіреуімен және қоректік заттардың жетіспеушілігімен сипатталатын ауыр жағдайлар кезінде емделуге рұқсат етілмейді.
14. Жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйесінің ауыр бұзылыстары. Жүрек ырғағының күрделі бұзылыстары, жүрек жеткіліксіздігі, сондай-ақ тыныс алу функциясының III және одан жоғары дәрежедегі жеткіліксіздігі қарсы көрсетілім болып табылады.
15. Ауыр іріңді аурулар. Айқын улану белгілерімен қатар жүретін әртүрлі іріңді аурулар, соның ішінде өкпе аурулары кезінде санаторийлік емдеу жүргізілмейді.
16. Декомпенсация кезеңіндегі аурулар. Емдеу арқылы түзету мүмкін емес зат алмасу бұзылыстары, соның ішінде қант диабеті, микседема, тиреотоксикоз, сондай-ақ бауыр мен ұйқы безі қызметінің III дәрежелі жеткіліксіздігі кезінде емделуге жол берілмейді.
17. Тері аурулары. Терінің іріңді және жұқпалы аурулары, соның ішінде қышыма, микоз және басқа да инфекциялық тері аурулары қарсы көрсетілімге жатады.
18. Орташа және ауыр дәрежелі анемия. II–III дәрежелі қаназдық кезінде санаторийлік-курорттық емдеу ұсынылмайды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









