Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау туралы

    Бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі — арнайы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.

    Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнайы әлеуметтік қызметтерді міндетті лицензиялау 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді және ұйымдар меншік нысанына қарамастан лицензия алуға тиісті. Ол қызмет көрсетушілерді қызмет көрсету жағдайларына, қауіпсіздікке, жабдықталуына және қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруді көздейді.

    Лицензиялаудың негізгі мақсаты – қызмет көрсету сапасының бірыңғай стандарттарын қамтамасыз ету, қызмет алушылардың қауіпсіздігін арттыру және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейту.

    Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 24 ұйым жұмыс істейді. Барлық 24 ұйым лицензия алып, 5 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетуде. Ең көп сұранысқа ие қызмет түрі – үйде қызмет көрсету жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер. Бұл қызметпен 3380 астам адам қамтылған. Қызмет алушылардың арасында – мүгедектігі бар адамдар, қарттар, тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар, сондай-ақ осындай қолдауға мұқтаж басқа да азаматтар.

    Лицензия алу үшін ұйым Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес болуы тиіс. Нақты шарттар қызметтерді ұсыну форматына: стационарда, жартылай стационарда, уақытша болу жағдайында және үйде қызмет көрсетуге байланысты болады.

    Атап айтқанда, қызмет алушыларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын ғимараттар мен үй-жайлар санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы талаптарға сәйкес болуы тиіс. Мүгедектігі бар адамдар мен халықтың қозғалысы шектеулі басқа да топтары үшін кіреберіс топтарының, жүріп-тұру жолдарының, қызмет көрсетуге арналған үй-жайлардың және санитарлық-тұрмыстық бөлмелердің қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет.

    Ұйымдарда көзделген арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсету үшін қажетті материалдық-техникалық база, оның ішінде жиһаз, жабдық және басқа да инвентарлар болуы тиіс. Кадрлық қамтамасыз етуге жекелеген талаптар қойылады: қызметкерлер саны белгіленген штаттық нормативтерге сәйкес болуы, ал мамандардың білімі мен біліктілігі тиісті құжаттармен расталуы тиіс.

    Сапаны, қауіпсіздікті және арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын барлық үкіметтік емес ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті лицензия алуды қамтамасыз етуі қажет екенін атап өткім келеді.

    Лицензияның болуы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін міндетті шарт болып табылады.

    Өтініштерді беру және лицензия алу мәселесі бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне мына мекенжай бойынша хабарласу қажет: Петропавл қ., Абай көшесі, 64.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары