ШҚО туризмді жүйелі дамытуға көшеді: басым бағыттар, жаңа туристік өнімдер мен 2035 жылға дейінгі міндеттер айқындалды

    1 / 8

    Шығыс Қазақстан облысында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес 2026-2035 жылдарға арналған туристік экономиканы дамытудың бас жоспары әзірленді. Құжат жыл бойы туристерді қабылдауға мүмкіндік беретін ұсыныстар қалыптастыруды, алты негізгі туристік аумақты дамытуды, инвестиция тартуды және саладағы жүйелі мәселелерді шешуді көздейді.

    2025 жылы облыста 447 мыңға жуық турист ресми тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,4%-ға көп. Дегенмен туристер ағынының шамамен 96%-ын ішкі саяхатшылар құрайды. Ал негізгі туристік кезең маусым мен қазан айларының аралығымен шектеліп отыр.

    Қазіргі таңда өңірде 6 205 нөмірлік қоры бар 429 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Ендігі міндет - қонақүйлер мен демалыс орындарының санын көбейтіп қана қоймай, олардың тұрақты жүктемесін қамтамасыз ету. Сондай-ақ туристердің өңірде ұзағырақ аялдап, көбірек қаражат жұмсауына жағдай жасау қажет.

    Бас жоспарда бірін-бірі толықтыратын алты туристік аумақ белгіленген. Олар - Катонқарағай, Риддер, Бұқтырма, Марқакөл-Зайсан, Өскемен қаласы мен оның маңындағы аумақтар және Үлкен Нарын. Әрқайсысының өзіндік мамандануы бар. Атап айтқанда, таулы, сауықтыру, су, іскерлік, өнеркәсіптік және ауыл туризмін дамытуға басымдық беріледі.

    Жеке көрікті орындардан дайын туристік өнімдерге көшу

    Бас жоспардың негізгі қағидаларының бірі - туриске жай ғана көрікті жерді емес, толық ұйымдастырылған саяхат ұсыну. Яғни көлік, орналастыру, тамақтану, экскурсиялық бағдарлама, қауіпсіздік және алдын ала брондау мүмкіндігі бір жүйеге біріктірілуі тиіс.

    Осы бағытта яхта туризмі, таулы велосипед спорты мен даунхилл, ботель, ретрит орталықтары, велосипедшілерге, шаңғышылар мен жүгірушілерге арналған маршруттар, іскерлік және өнеркәсіптік туризм, орнитологиялық бағыттар, жергілікті жабайы өсімдіктерді пайдалана отырып гастрономиялық турлар ұйымдастыру, қазақ отбасының салт-дәстүрімен таныстыру секілді жаңа туристік өнімдер қарастырылған.

    Қызу туристік маусымнан тыс уақытта да өңірге келушілер санын арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Бұл үшін спорттық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын, іскерлік іс-шараларды, фестивальдерді, сауықтыру бағдарламаларын өткізуге және агротуризмді дамытуға мүмкіндік бар.

    Қазірдің өзінде бірнеше жаңа жоба пысықталуда.

    Риддер қаласында орнитологиялық туризмді дамытуға арналған Ridder BirdFest фестивалінің бағдарламасы әзірленді. Оны негізгі туристік маусым аяқталғаннан кейін өткізу жоспарланып отыр. Бұл маусымаралық кезеңде өңірге келетін туристер санын арттыруға мүмкіндік береді.

    Катонқарағай ауданында қар барысын табиғи ортасында бақылауға арналған жоба қарастырылуда. Осы мақсатта ірі халықаралық туроператормен келіссөздер жүргізіліп, техникалық тапсырма әзірленген. Жергілікті орналастыру нысандары да бұл бастамаға қызығушылық танытып отыр. Қазір аудан әкімдігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, жобаны іске асыру шарттарын пысықтау міндеті жүктелген.

    Сонымен қатар ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың бастамасымен Бұқтырма су қоймасы жағалауында Altai City туристік қалашығын құру тұжырымдамасы әзірленді. Қазір Тереңсай асуында Kokterek Park жобасының тұжырымдамасы дайындалып жатыр.

    Тағы бір бағыт – «Аяз Ата ауылы» жобасы. Оның тұжырымдамасы да әзірленген.

    Үлкен Нарын ауданында қысқы балық аулауға арналған пилоттық туристік өнімді дайындау басталды. Бұл жұмысқа Балық инспекциясы, тиісті федерация және Туризм басқармасы өкілдері қатысатын жұмыс тобы құрылған.

    Инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасы - басты талап

    Бас жоспарды әзірлеу барысында әуежай, теміржол және автовокзалдар, музейлер мен бірқатар орналастыру нысандары зерделенді. Мәселен, Өскемен автовокзалының түнгі уақытта жұмыс істемейтіні, ал санитарлық бөлмелердің сағат 20:00-ден кейін жабылатыны анықталған. Бұл ретте түнгі рейстер қатынауын жалғастырып жатыр. Сондықтан жолаушылардың көлігін күтуіне қолайлы жағдай жасалуы қажет.

    Сондай-ақ жер учаскелерін түгендеу және инвестициялық алаңдарды қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Алайда бұл жұмыстың қарқыны әзірге жеткіліксіз. Әкімдікте өткен кеңесте туризм инфрақұрылымын дамытуға қатысты бұрын берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді. Бұл ретте салалық басқармалар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге де басымдық берілуі тиіс.

    Қазір кадр даярлау мәселесі де пысықталып жатыр. Туризм және қонақжайлық университетімен бірқатар келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, түлектердің оқуын аяқтағаннан кейін ШҚО-ға оралуы шартымен өңірлік білім гранттарын бөлу, студенттердің облыстағы туристік нысандарда тәжірибеден өтуін ұйымдастыру және қонақүйлердің бірінің базасында оқу кабинетін ашу жоспарланып отыр.

    Туризмді ілгерілету мен басқарудың бірыңғай жүйесі

    Бас жоспарда саяхатшылар үшін бірыңғай ақпараттық алаңға айналатын Visit East Kazakhstan туристік брендін дамыту көзделген. Бұл платформада туристік маршруттар, орналастыру орындары, көлік қатынасы, іс-шаралар мен қызметтер туралы өзекті ақпарат жинақталып, қызметтерді алдын ала брондау мүмкіндігі қарастырылуы тиіс.

    Сонымен қатар туристік ресурстардың бірыңғай кадастрын құру, навигация жүйесін жетілдіру, музейлер мен спорт нысандарының сапасын арттыру, цифрлық сервистерді және туристер ағынын бақылау жүйесін дамыту жоспарланған.

    Бас жоспарды іске асыру үш кезеңге бөлінген: 2026-2027 жылдары - басқару жүйесін қалыптастырып, негізгі туристік өнімдерді әзірлеу; 2028-2030 жылдары - туристік аумақтар мен инфрақұрылымды дамыту; 2031-2035 жылдары - табысты жобалардың ауқымын кеңейтіп, өңірдің халықаралық туристік аренадағы орнын нығайту.

    Бүгін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бас жоспарды іс жүзінде жүзеге асыруды қамтамасыз етіп, салалық басқармалар мен жергілікті атқарушы органдардың жеке жауапкершілігін күшейту міндетін қойды.

    «Әр бағыт, жоба мен тапсырма бойынша жауапты тұлғалар, нақты мерзімдер және орындалуын бағалайтын түсінікті көрсеткіштер болуы керек. Жұмысты нақты нәтижеге жеткізу қажет. Яғни жаңа қызмет түрлері пайда болып, туристер келіп, жергілікті бизнес дамып, тұрғындардың табыс табуына қосымша мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Салалық басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жандандырып, ведомствоаралық кедергілерді жоюды және берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауға алуды тапсырамын. Инвестициялық алаңдарды әзірлеуге, маусымаралық кезеңде туристік өнімдерді дамытуға, қызмет көрсету сапасы мен инфрақұрылым нысандарының жағдайына ерекше назар аудару қажет. Шығыс Қазақстанның туристік әлеуеті зор. Біздің міндетіміз - осы мүмкіндіктерді сұранысқа ие туристік өнімдерге айналдырып, туризмді экономиканың тұрақты дамитын саласы ретінде қалыптастыру», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

    (Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары