Өскеменде алғаш рет Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызметшілері арасында «Болашақ ойындары» кубогы басталды. Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған жарыс заманауи технологиялар мен дәстүрлі спортты ұштастырып, қатысушылардың командалық рухын сынауға бағытталған.
Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы бағыттағы маңызды оқиғалардың бірі - биыл Астанада өткен халықаралық «Болашақ ойындары». Бүгін біз Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызметшілері арасында алғаш рет «Болашақ ойындарын» өткізіп отырмыз. Бұл - дене белсенділігін, заманауи технологияларды және командалық өзара іс-қимылды біріктіретін жаңа формат. Басты мақсатымыз - жеңімпаздарды анықтау ғана емес, әріптестер арасындағы командалық рухты нығайтып, достық пен өзара қолдауды арттыру», - деді аймақ басшысы.
Жарыс екі кезеңнен тұрады. Digital Stage кезеңінде қатысушылар VR-платформадағы Tactics ойынында бақ сынаса, Physical Stage кезеңінде Lasertag тактикалық ойыны бойынша күш сынасады. Бес адамнан құралған командалар стратегиялық ойлау, жылдам шешім қабылдау және бірлесіп әрекет ету қабілеттерін көрсетеді.
Қазір жалпы саны 8 команда арасындағы тартысты бәсеке жалғасуда. Жарыс қорытындысы бойынша «Болашақ ойындары» кубогының алғашқы иегері анықталмақ.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









