Шығыс Қазақстан облысында егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Диқандар 485 мың тоннадан астам майлы дақыл жинады. Оның басым бөлігі - күнбағыс. Ал дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардан 428,7 мың тонна астық бастырылды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жаннат Көшерова мәлімдеді.
Биыл өңірдегі егіс алқабы 611 мың гектардан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5 мың гектарға артық. Алайда вегетациялық кезеңдегі аптап ыстық пен жауын-шашынның аздығы дәнді дақылдардың түсіміне әсер етті. Орташа өнімділік гектарына 17,4 центнер болды. Былтыр бұл көрсеткіш 20,3 центнерге жеткен.
Егін жинау науқанына дайындық кезінде шаруашылықтар алқаптарға 69 мың тонна минералды тыңайтқыш қолданды. Диқандарға 19 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, астық кептіруге қосымша 5,3 мың тонна жанармай қарастырылды. Өңдеу кәсіпорындарын қосқанда, облыстағы астық сақтау нысандарының жалпы сыйымдылығы 829 мың тоннаны құрайды.
«Кең дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарына 22,2 млрд. теңге бөлінді. Жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» арқылы шаруалар 17,7 млрд. теңгеге 503 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын лизингке алды.
Өсімдік шаруашылығын субсидиялауға тағы 3,4 млрд. теңге бағытталды. Бұл қаражат тұқым шаруашылығын қолдауға, тыңайтқыштар мен пестиценттердің құнын арзандатуға және суармалы суды жеткізу қызметтеріне жұмсалады. Ауа райы дәнді дақылдардың өнімділігіне әсер еткенімен, өңір шаруалары майлы дақылдардан мол өнім жинады. Ендігі міндет - өнімді сақтау және тиімді өткізу.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









