ШҚО-да бір аптада мыңға жуық жүргізуші жол ережесін бұзған
3-9 қараша аралығында полиция қызметкерлері жол жүрісі қағидаларын бұзудың 975 дерегін тіркеді.
Жүргізушілер көбіне қауіпсіздік белдігін тақпау деректері бойынша жауапқа тартылған. Бір апта ішінде мұндай 466 дерек тіркелді. Сондай-ақ маневр жасау қағидаларын бұзудың 330 дерегі анықталды. Бұдан бөлек, полицейлер 76 рет жол-көлік оқиғасына әкеп соғуы мүмкін қауіпті жағдайдың алдын алды.
Тіркелген құқық бұзушылықтардың қатарында көлік құралын рұқсатсыз қайта жабдықтаудың 32 дерегі, масаң күйде көлік басқарудың 17 дерегі және қарсы бағытқа шығудың 9 дерегі бар.
Көлік басқару құқығы жоқ жүргізушілерге де ерекше назар аударылды. Бір аптада мұндай 23 дерек тіркелді. Тағы 5 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырған. Екі жағдайда жүргізушілер медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан.
Полиция жол жүрісі қағидаларын сақтау жай ғана талап емес, әр адамның өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне деген жауапкершілігі екенін еске салады. Қауіпсіздік белдігін тақпау немесе қауіпті маневр жасау сияқты әдеттегі немқұрайлылықтың өзі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









