Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 28 қазанда Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында болашақ экономикасына көшудің құқықтық негізін қалыптастыру үшін жаңа Азаматтық кодекс әзірлеуді тапсырды. Бұл – елдің экономикалық дамуына тың серпін берумен қатар, әрбір азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды бастама.
Өйткені баспана сатып алу, жеке кәсіп ашу, цифрлық платформалар арқылы қызмет алу, мүлікті мұраға қалдыру сияқты күнделікті тіршіліктегі көптеген мәселе азаматтық заңнама арқылы реттеледі. Заң нормаларының түсінікті, нақты әрі өзара үйлесімді болуы азаматтардың өз мүлкіне еркін иелік етуіне, келісімшарт жасасуына және заңды мүдделерін қорғауына сенімді құқықтық негіз қалайды. Сондықтан жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу – азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, құқықтық қатынастарды заман талабына бейімдеуге және ел экономикасының орнықты дамуына жол ашатын маңызды қадам.
Қазір жаңа Азаматтық кодексті әзірлеудің негізгі бағыттары айқындалып жатыр. Басты мақсат – азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, мүліктік қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және жеке бастамаларға кеңінен жол ашу. Жаңа құжаттың мазмұны осы міндеттерге негізделеді. Ал оларды жүзеге асырудың нақты тетіктері депутаттардың, мемлекеттік органдар өкілдерінің, ғалымдар мен тәжірибелі заңгерлердің қатысуымен жан-жақты талқыланып, пысықталады. Сондықтан қазірден бастап жаңа Кодекстен қандай нәтиже күтілетінін және оның азаматтардың күнделікті өміріне қандай оң өзгерістер әкелетінін қоғамға түсіндіру маңызды.
2026 жылы қабылданған жаңа Конституция азаматтық заңнаманы жаңғыртудың басты құндылықтық бағдарын айқындайды. Адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде тану қағидаты нақты құқықтық тетіктер арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Сондықтан жаңа Кодекстің әрбір нормасын әзірлегенде оның адам мүддесіне қаншалықты сай келетініне және азаматтардың өз құқықтарын іс жүзінде қорғауына қандай мүмкіндік беретініне баса мән беруіміз қажет.
Бұл ұстаным, әсіресе, жеке мүліктік емес құқықтарды қорғауда айрықша маңызға ие. Адамның қадір-қасиеті, жеке өміріне қол сұғылмауы және дербес деректерінің құпиялығы барлық жағдайда, соның ішінде цифрлық кеңістікте де сенімді қорғалуға тиіс. Әрбір азамат қандай әрекеттер өз құқықтарын бұзатынын, мұндай жағдайда кімге талап қоя алатынын және бұзылған құқықтарын қалай қалпына келтіруге болатынын нақты білуі қажет.
Негізгі заңда меншіктің барлық түрі танылып, олардың тең дәрежеде қорғалатыны бекітілген. Жаңа Кодексте бұл конституциялық қағида меншік құқығының бірыңғай мазмұнын айқындау және оны қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру арқылы одан әрі дамытылуға тиіс. Сондай-ақ мемлекет те азаматтық-құқықтық қатынастарда өзге қатысушылармен тең құқыққа ие болуы қажет.
Меншік құқығын қорғау кепілдіктері кәсіпкерлік еркіндігімен де тығыз байланысты. Өндіріске инвестиция салу, жаңа жұмыс орындарын ашу немесе ұзақмерзімді келісімшарт жасасу туралы шешім қабылдағанда адам өз құқықтарының қорғалатынына және тараптардың алған міндеттемелері тиісінше орындалатынына сенімді болуы керек. Азаматтық заңнаманың тұрақтылығы мен құқықтық нормалардың айқындығы осындай сенімді нығайта түседі.
Конституцияда бекітілген мұрагерлік құқығы да айрықша маңызға ие. Бұл саладағы нормаларды жетілдіру кезінде адамның өз еркін білдіру құқығы мен отбасының мүддесі ескерілуге тиіс. Өйткені мұрагерлік – адамның ұзақ жылғы адал еңбегінің нәтижесін сақтаумен қатар, жақындарының болашағын қамтамасыз етудің де маңызды кепілі.
Қолданыстағы Азаматтық кодекс тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Отыз жылдан астам уақыт ішінде ол нарықтық экономиканың негізгі институттарын бекітіп, шарт еркіндігі мен азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылардың теңдігін орнықтырды. Сонымен қатар оның негізінде құқық қолдану және сот практикасы қалыптасты.
Бұл мол тәжірибе алдағы жұмыстың берік діңгегі болып қала береді. Осы жағдайда өзінің тиімділігін дәлелдеген әрі түсінікті болып қалған нормаларды сақтап қалу қажет. Бұрыннан қалыптасқан құндылықтар мен жаңалықтар арасындағы сабақтастық қалыптасқан құқықтық қатынастарға деген сенімді жоғалтпай, заңнаманы жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Дегенмен кейінгі уақытта экономика да, адамдардың күнделікті тыныс-тіршілігі де түбегейлі өзгерді. Сатып алуларымыз бен қызметтердің едәуір бөлігі цифрлық ортаға көшті. Электрондық шарттарды пайдалану кеңейіп, платформалық өзара іс-қимыл модельдері қалыптастып, зияткерлік қызмет нәтижелерін жасаудың және пайдаланудың жаңа тәсілдері пайда болды. Жасанды интеллектінің дамуы жауапкершілік пен тәуекелдерді бөлуге қатысты қосымша мәселелерді туындатып отыр.
Заңнама бұл өзгерістерге Кодекске енгізілген түзетулер мен жекелеген заңдарды қабылдау арқылы кезең-кезеңімен жауап беріп келді. Ендігі міндет – жинақталған құқықтық шешімдердің өзара байланысын саралап, олардың арасындағы қайшылықтарды жою және негізгі қағидалардың бірізділігін қамтамасыз ету. Әңгіме жекелеген нормаларды жаңартумен ғана шектелмейді. Азаматтық құқықтың негізгі институттарын, олардың өзара байланысын және қолданылу практикасын кешенді түрде бағалау қажет. Мұндай ауқымды міндет жекелеген түзетулер енгізу шеңберінен шығып, азаматтық заңнаманы жүйелі түрде қайта қарауды талап етеді. Яғни заңнамалық өзгерістерді рәсімдеу тәсілдері құқықтық реттеудің сапасын арттыруды көздейді.
Ғылыми ортадағы сындарлы пікірталас бұл жұмыстың мазмұнын тереңдетуге мүмкіндік береді. Әділет министрлігіне ғалымдар мен практик-заңгерлерден келіп түскен ұсыныстар да осыны көрсетеді. Олардың заңнамалық өзгерістерді рәсімдеу нысанына қатысты көзқарастары әртүрлі болғанымен, қолданыстағы Кодексті мұқият қайта қарау, оның негізгі институттарын жаңғырту және озық халықаралық тәжірибені зерделеу қажеттігі ортақ мәселе ретінде көтерілген. Демек, заңнамалық өзгерістерді рәсімдеу тәсілдеріндегі айырмашылықтар бірлесіп шешім іздеуге негіз болатын ортақ мазмұнды жоққа шығармайды. Біз үшін кәсіби ұсыныстардың құндылығы, ең алдымен, олардың болашақ құқықтық реттеудің сапасын қаншалықты арттыра алатыны өте маңызды.
Алдағы реформаның басты бағыты – мүліктік құқықтардың нақты жүйесін құру. Мұнда әңгіме тек жекеменшік туралы емес, өзгенің мүлкін заңды пайдалану құқығы жөнінде де болып отыр. Бізге құқықтардың пайда болуы, мазмұны мен қорғалуының ортақ ережелерін белгілеп, мүлікті иеленушіні кез келген заңсыз қысымнан қорғау қажет.
Мұның түпкі мәні – меншік иесі мен оны пайдаланушы арасындағы ашықтық пен түсінікті ережелер. Құқықтар мен міндеттер әр тарапқа бірдей айқын болуы шарт. Бұл күнделікті тұрмыстағы азаматқа да, тұрақтылықты көздейтін бизнеске де бірдей тиімді.
Шарт еркіндігі де – осының ажырамас бөлігі. Азаматтар мен бизнеске келісімшарттарын өз бетінше белгілеуге көбірек еркіндік берілуі керек. Бастысы — өзгенің құқығы тапталмаса болғаны. Артық тыйымдар мен шектеулерді алып тастау маңызды.
Алайда шарт жасасатын тараптардың мүмкіндіктері әрдайым бірдей бола бермейді. Мәселен, қандай да бір қызметті пайдаланатын азамат көбіне алдын ала белгіленген шарт талаптарын қабылдауға мәжбүр. Оның өзінен әлдеқайда ықпалды тараппен келісімнің әрбір тармағын тең дәрежеде талқылауға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан шарт еркіндігін кеңейтумен қатар, азаматтарды әділетсіз талаптардан қорғаудың тиімді тетіктерін де қарастыру қажет. Бұл ретте кәсіпкерлердің өзара қатынастары мен кәсіпкер және тұтынушы арасындағы шарттық қатынастардың ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Әйтпесе, Азаматтық кодексті жаңғыртудың басты мақсаты – адам құқықтары мен мүдделерін қорғау қағидатының мәні әлсірейді.
Егер үлгілік шарттың қандай да бір талабы тұтынушының құқықтарын шектесе, заңнама сол талаптың күшін жоюға және мүмкіндігінше шарттың өзін сақтап қалуға мүмкіндік беруі тиіс. Өйткені мұндай жағдайда тұтынушы үшін ең маңыздысы – қажетті қызметті заңды әрі әділ талаптар негізінде алу.
Мәміленің күшін сақтау жалпы қағидаттардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Оны жарамсыз деп тану үшін азаматтардың құқықтарын, құқықтық тәртіп негіздерін және заңмен қорғалатын өзге де мүдделерді қорғау қажеттігінен туындайтын жеткілікті негіздер болуы шарт. Мұндай тәсіл шарттық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өз міндеттемелерін адал орындайтын тараптардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға ықпал етеді.
Адалдық қағидасы қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жұмыс істеуі қажет. Өз міндетін адал атқарып, өзгемен санаса білген азамат немесе кәсіпкер заңның қорғауында болуы шарт. Сонымен қатар заңды тұлғалар мен корпоративтік ережелерді жаңарту да маңызды. Қазіргі экономикаға инвестиция тарту, бизнесті өркендету және капитал біріктіру үшін қолайлы әрі түсінікті ережелер ауадай қажет. Бірақ қатысушылардың қауіпсіздігі мен нақты жауапкершілігі басты орында қалуға тиіс.
Жаңа Кодекс бүгінгі күні әлі пайда болмаған технологиялар енгізілген жағдайда да өзектілігін жоғалтпайтындай болуы керек. Сондықтан құқықтық реттеуді нақты бір технологияға тәуелді болмайтын, жалпыға ортақ қағидалар негізінде құру ұсынылады.
Қосымша немесе өзге де цифрлық шешімдер арқылы шарт жасасқан сатып алушы міндеттеменің орындалуына кім жауапты екенін, шарт талаптарын қалай растауға болатынын және құқықтары бұзылған жағдайда қайда жүгіну керектігін түсінуі қажет. Кәсіпкерге де цифрлық сервистерді пайдалану мен олармен байланысты тәуекелдерді бөлу жөнінде нақты әрі түсінікті ережелер керек. Өзара іс-қимылдың технологиялық тәсілі құқықтық қорғау деңгейін төмендетпеуге тиіс.
Ол үшін мәмілелерге, құқық объектілеріне, жауапкершілік пен дербес құқықтарды қорғауға қатысты нормаларды бір арнаға тоғыстыруымыз керек. Зияткерлік меншік, цифрлық мұра және шетелдік элементі бар қатынастар да жаңа дәуірдің талаптарына сай қайта қаралуға тиіс.
Сонымен бірге Кодекс азаматтық-құқықтық реттеудің негізгі актісі ретіндегі маңызын сақтауы қажет. Мемлекеттік басқару мәселелері мен арнайы рәсімдер жекелеген заңдармен реттелуі мүмкін. Алайда олардың азаматтық-құқықтық салдары
Кодекстің жалпы ережелерімен үйлесімді болуы керек. Бұл бағыттағы нақты шектеулер мен құзыреттерді ажырату мәселелері жобаны әзірлеу барысында айқындалады.
Жаңа Кодексті әзірлеу кезінде Қазақстанның азаматтық заңнамасына негіз болған континенттік құқық дәстүрін сақтау көзделіп отыр. Бұл ретте құқықтық институттардың жүйелілігімен және мүліктік қатынастарды реттеудегі бірізділігімен ерекшеленетін Германияның азаматтық-құқықтық моделі назарға алынады. Бұған қоса, еуропалық жеке құқықтың модельдік қағидаттарын, сондай-ақ ауқымды экономикалық және технологиялық өзгерістер жағдайында азаматтық заңнаманы жүйелеу тәжірибесінен өткен Қытайдың құқықтық реформаларын зерделеу маңызды. Халықаралық тәжірибені зерттеудің мақсаты – шетелдік құқықтық нормаларды сол күйінде көшіру емес, Қазақстанның құқықтық жүйесі мен экономикалық қажеттіліктеріне сай келетін тиімді шешімдерді табу.
Шетелдік тәжірибеден алынатын әрбір тәсілдің қандай мақсатқа қызмет ететінін, өзге құқықтық институттармен қалай байланысатынын және ұлттық заңнамаға қандай ықпал жасайтынын алдын ала бағалау қажет. Бұл ретте еліміздің нақты қажеттіліктері, отандық құқық қолдану тәжірибесі және ұсынылған тетіктердің Қазақстанның құқықтық жүйесіне сәйкестігі шешуші мәнге ие болуға тиіс.
Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Алдымен құжаттың негізгі қағидаттары мен құрылымы келісіліп, содан кейін оның жекелеген бөлімдері дайындалады. Әзірленген нормалар кәсіби ортада талқыланып, ғылыми сараптамадан өткізіледі. Сонымен қатар Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі мен соған байланысты басқа заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер алдын ала пысықталуы қажет.
Жаңа құқықтық жүйеге көшу барысында бұрын жасалған шарттар мен қалыптасқан құқықтық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Азаматтар мен ұйымдар жаңа нормалардың өз құқықтары мен міндеттеріне қалай әсер ететінін, қандай талаптар өзгеретінін және сол өзгерістерге бейімделу үшін не істеу керектігін алдын ала білуі қажет.
Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу – осы уақытқа дейін қордаланған кемшіліктерді жоюмен ғана шектелмей, заман талабына сай, өзара үйлесімді әрі біртұтас жеке құқық жүйесін қалыптастыруға берілген мүмкіндік. Бұл ретте отандық азаматтық құқық ғылымының үздік жетістіктері мен тәжірибеде тиімділігі дәлелденген құқықтық нормаларды сақтап қалу маңызды.
Әділет министрлігі жан-жақты әрі мазмұнды пікір алмасуға дайын. Түпкілікті шешім ғылыми көзқарастардың әртүрлілігіне емес, ұсыныстардың сапасы мен тиімділігіне негізделуге тиіс.
Жаңа Кодекстің басты міндеті – құжаттың адам құқықтарын қорғауды қаншалықты күшейтетіні, азаматтардың заңға деген сенімін нығайтатыны, сондай-ақ Қазақстан экономикасының ұзақмерзімді дамуына қандай қолайлы жағдай жасайтынымен бағаланады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









