Тұқым селекциясынан дайын өнімге дейін: Шортанды ауданында органикалық ботқалар мен құрғақ таңғы ас өнімдері шығарылады

    1 / 7

    Ақмола облысында астықты терең өңдеудің жаңа бағыты дамып келеді. Биыл А. И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы базасында Қазақстандағы ғылыми-зерттеу ұйымдары арасында алғаш рет органикалық өнім өндіретін кешен іске қосылды. Мұнда орталық алқаптарында өсірілген астық өңделіп, тұтас дәнді ботқалар мен құрғақ таңғы ас өнімдеріне айналады.

    Шортанды ауданына жұмыс сапары аясында кәсіпорынның жұмысымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысты. Оған өндірістік үдерістер, қолданыстағы қуаттар мен кәсіпорынды одан әрі дамыту жоспарлары таныстырылды.

    Кәсіпорынның басты ерекшелігі – ғылыми селекциядан бастап, дәнді дақылдарды өсіру, өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын толық өндірістік циклдің қалыптасуы. Шикізат ретінде органикалық егіншілік қағидаттарын сақтай отырып өсірілген орталықтың өз өнімі пайдаланылады.

    Өнім түрлеріне тұтас дәнді ботқалар мен құрғақ таңғы ас түрлері кіреді. Кәсіпорында тәулігіне 400–500 келіге дейін өнім өндіріледі. Осылайша, ғылыми әзірлемелер тәжірибеде қолданыс тауып, өсірілген астық қосылған құны жоғары дайын өнімге айналуда.

    «Бұл – ғылым мен экономиканың нақты секторы арасындағы тиімді байланыстың үлгісі. Ғылыми ұйымның зерттеу жүргізіп, дәнді дақылдар өсірумен ғана шектелмей, органикалық өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті өз күшімен жүзеге асыруы маңызды. Мұндай тәсіл отандық өңдеу өнеркәсібін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Марат Ахметжанов.

    Қазіргі уақытта орталық басшылығы әлеуетті инвесторлармен және серіктестермен келіссөздер жүргізуде. Алдағы жоспарлар қатарында өнімді республикалық нарыққа шығару және шетелдік нарықтарды игеру бар.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының әкімдігі" жаңалықтары