Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің өкілдері Германия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрлігі Азия және Тынық мұхиты өңірі департаменті басшысының орынбасары Йоахим Бертелемен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық, дәстүрлі энергетика, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және жасыл сутегі өндірісі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық аясында Германияның Goldbeck Solar GmbH және Solarnet Investment GmbH компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат ұсынылды. Тараптар жаңартылатын энергия көздерін дамыту, озық технологияларды енгізу және энергетикалық көшу саласында тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі жасыл сутегі саласындағы ынтымақтастық болды. Қазақстандық тарап Германияның ғылыми-зерттеу институттарымен және технологиялық компанияларымен жүргізіліп жатқан өзара іс-қимыл туралы хабардар етті.
Атап айтқанда, Reiner Lemoine Institut-пен су ресурстары туралы деректерді цифрландыру, сутегі энергетикасы саласында зерттеулер жүргізу және сарапшылық тәжірибе алмасу бағыттарында жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар Linde компаниясымен көмірқышқыл газын ұстау, пайдалану және сақтау (CCUS) технологиялары саласындағы әлеуетті ынтымақтастық мәселелері талқылануда.
Бұдан бөлек, Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен Астана қаласында жұмыс істейтін Сутегі дипломатиясы офисінің қызметіне де назар аударылды. Германия тарапы Қазақстанмен сутегі энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады. Сондай-ақ еліміздің жасыл сутегін өндіру және пайдалану әлеуетінің жоғары екенін атап өтіп, осы бағыттағы технологиялар мен инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









