Бүгін Энергетика министрлігінде Анкара қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы «2026 жылғы үздік тарату электр желілері командасы» халықаралық байқауында бірінші орын алған Қазақстан құрамасын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов құрама команда мүшелерін лайықты жеңісімен құттықтап, олардың кәсіби даярлығының жоғары деңгейін, техникалық шеберлігі мен командалық үйлесімділігін атап өтті.
«Қазақстан құрамасының кәсіби шеберлік жөніндегі халықаралық байқаудағы жеңісі – отандық энергетиктердің жоғары дайындық деңгейінің, кәсібилігі мен командалық рухының айқын дәлелі. Өткен жылы команда үшінші орын иеленсе, биыл мамандарымыз нәтижені жақсартып, бірінші орынға қол жеткізді. Бұл жеңіс – отандық энергетика саласының халықаралық беделін нығайтуға қосылған лайықты үлес», – деді Ерлан Ақкенженов.
Жеңімпаздарға адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және энергетика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ведомстволық наградалар табысталды.
Энергетика министрлігінің «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісімен команданың жетекшісі – «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түркістан аудандық электр желілерінің бастығы Әділбек Анарбаев марапатталды.
«Құрметті энергетик» төсбелгісімен «Энергосистема» ЖШС бас директоры Рүстем Арыстанов, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің 6-разрядты электр монтері Біржан Жахийұлы, 5-разрядты электр монтері Олжас Ниязбеков және «Энергосистема» ЖШС басшысы Бараксұлтан Төлеміс марапатталды.
Энергетика министрінің Құрмет грамотасымен «Энергосистема» электр монтер-бақылаушысы Аят Балжиғитов, «Оңтүстік Жарық Транзит» қалалық электр желілері учаскесінің аға шебері Рауан Әуелов, 5-разрядты электр монтері Нұрлыбай Бақкелді және «Оңтүстік Жарық Транзит» бас директоры Айдар Махамбет марапатталды.
Еске салайық, халықаралық жарыс Анкара қаласында өтіп, оған жеті елдің: Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Венгрия және Түрікменстанның энергетика саласының өкілдері қатысты.
Қазақстан атынан Энергетика министрлігі жасақтаған құрама команда өнер көрсетті. Оның құрамына «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» компаниялар тобына кіретін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС (Шымкент қаласы) және «Энергосистема» ЖШС (Ақтөбе облысы) мамандары енді.
Байқау сынақтары аясында қатысушылар тарату трансформаторының ақаулы жоғары вольтты сақтандырғышын қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып ауыстыру бойынша практикалық тапсырмаларды орындады. Қазылар алқасы жұмыстардың дұрыстығы мен орындалу жылдамдығын, еңбекті қорғау талаптарының сақталуын және техникалық шешімдердің қолданылуын бағалады.
2027 жылы Қазақстан электр монтерлерінің кәсіби шеберлігі жөніндегі келесі халықаралық байқауды қабылдайды. Жарысты елімізде өткізу отандық энергетика саласының жетістіктерін таныстыруға, озық тәжірибе алмасуға және түрлі елдердің мамандары арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






