Қарағанды облысында энергетикалық нысандарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда

    1 / 15

    25 қарашада Энергетика министрлігі Қарағанды облысының энергетикалық нысандарына баспасөз турын ұйымдастырды.

    Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында жүргізіліп жатқан жөндеу науқанымен, жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту, жаңа генерациялау қуаттарын салу және өңірдің электр желілері инфрақұрылымын дамыту жұмыстарымен танысты.

    Баспасөз туры барысында Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Айрат Карамурзин энергетикалық нысандардың сенімділігін арттыру бойынша атқарылған жұмыстар, жөндеу іс-шараларының барысы және мемлекеттік энергетикалық бақылау шаралары туралы ақпарат берді.

    Соңғы екі жылда өңірдегі төрт электр станциясының тәуекел деңгейі жақсарды. Қызыл аймақтағы станциялар саны төртеуден бірге дейін қысқарды. Атап айтқанда, Шахтинск ЖЭО, «Qarmet» АҚ-ның ЖЭО-2, Балқаш ЖЭО және ЖЭО-3 көрсеткіштерін жақсартты. ЖЭО-2 екі жыл ішінде қызыл аймақтан сары аймақ арқылы жасыл аймаққа өтті.

    2026 жылғы жөндеу науқаны аясында облыстың электр станцияларында 17 қазандық агрегаты мен 7 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Сонымен қатар 1 231,86 шақырым электр желісі жөнделіп, 23,7 шақырым жылу желісіне ағымдағы жөндеу жүргізілді және 13 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылды.

    Баспасөз туры аясында журналистер өңірдің бірқатар негізгі энергетикалық нысандарымен танысты.

    Осакаров ауданында қуаты 150 МВт болатын, 21 жел турбинасымен жабдықталған «Гиперборея» жел электр станциясы пайдалануға берілді. Іске қосылған сәттен бастап станция 547,9 млн кВт·сағ электр энергиясын өндірді.

    Қарағанды ЖЭО-3-те №9 жаңа қазандық агрегаты мен №7 турбоагрегаттың құрылысы жалғасуда. Жоба станцияның электр қуатын 140 МВт-қа, ал жылу қуатын сағатына 180 Гкал-ға арттыруды көздейді. Құрылысты 2028 жылғы қазанда аяқтау жоспарланған.

    Қарағанды қаласында қуаты 24 МВА болатын 110/10 кВ «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясы салынды. Ол Майқұдықтың тұрғын алаптарын электрмен жабдықтау мүмкіндіктерін кеңейтеді. Жоба аясында ұзындығы 35,7 шақырым кабельдік электр беру желілері де қайта жаңғыртылды.

    Шахтинск ЖЭО-да 2026 жылы №3 және №4 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізілді. 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша станция қызыл аймақтан сары аймаққа өтті. Бұдан бөлек, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қаланың 2,7 шақырым магистральдық жылу желісін қайта жаңғырту көзделген.

    Энергетикалық нысандардың жай-күйіне мониторинг жүргізу, жөндеу науқандарын бақылау және жаңғырту іс-шараларының іске асырылуын қадағалау жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға, өңірдің энергетикалық кешенінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және Қарағанды облысының одан әрі дамуына жағдай жасауға бағытталған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі" жаңалықтары