ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

    Әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы А.Е. Адильбекова «Индустриальная Караганда» газетіне сұхбат берді.

    ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

    Халықты әлеуметтік қорғау – Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Қабылданған әрбір шешімнің, көрсетілген әрбір әлеуметтік қызмет пен ұсынылған әрбір қолдау шарасының артында мемлекет тарапынан назарды, қамқорлықты және кепілдендірілген қорғауды қажет ететін адамдар тұр. Сондықтан бұл салада заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын сақтау ерекше маңызға ие.

    Әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруда мемлекеттік бақылаудың маңызы зор. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Қарағанды облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Айнұр Әділбекова айтып берді.

    – Айнұр Ерланқызы, мемлекеттік бақылаудың басты міндеті қандай?

    – Ең алдымен, мемлекеттік бақылаудың міндеті – тек заңбұзушылықтарды анықтау ғана емес, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің толық көлемде сақталуына жағдай жасау. Басым бағыттардың бірі – мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын сақтау. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге, кедергісіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламаларында көзделген іс-шаралардың орындалуына ерекше назар аударылады.

    Қолжетімді орта дегеніміз – жай ғана пандус немесе арнайы тұтқаның болуы емес. Бұл – адамның ғимаратқа өз бетінше әрі қауіпсіз кіруі, оның ішінде еркін қозғалуы, санитариялық бөлмелерді пайдалануы, қажетті қызметтерді алуы және қоғамдық өмірге толыққанды қатысу мүмкіндігі.

    Бақылау іс-шараларын жүргізу барысында нысандардың нақты қолжетімділігі, қажетті техникалық және ақпараттық құралдардың болуы, кіреберіс топтарының, қозғалыс жолдарының және санитариялық бөлмелердің белгіленген талаптарға сәйкестігі бағаланады.

    – Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілді.

    – Иә, енді заңнамада көзделген рәсімдер шеңберінде департаменттер нысандардың мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі адамдар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігін растауға қатысады. Бұл нысандарды пайдалануға беру кезеңінің өзінде бақылауды күшейтуге және кедергісіз орта қалыптастыруда формальды тәсілге жол бермеуге мүмкіндік береді.

    Мемлекеттік бақылаудың тағы бір маңызды бағыты – арнаулы әлеуметтік қызметтердің көрсетілуін бақылау.

    Арнаулы әлеуметтік қызметтер өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға, оның ішінде қарт адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға және ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетіледі. Мұндай адамдар үшін әлеуметтік қызмет көрсету ұйымы көбінесе жай ғана мекеме емес, қажетті көмек, қолдау мен қамқорлық алатын орынға айналады.

    Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау қызмет сапасын арттырудың маңызды тетігіне айналды. Бұл механизм қызмет көрсетушілердің қызметіне бірыңғай талаптар қалыптастыруға, ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға және көрсетілетін көмектің тиісті деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.

    Сонымен қатар профилактикалық бақылаудың маңызы ерекше. Ол кемшіліктерді уақтылы анықтауға, бақылау субъектілерінің назарын белгіленген талаптардың сақталмауына аударуға және оларды жою бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

    Ал заңбұзушылықтар анықталған жағдайда әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік инспекторлар заңнамада көзделген ден қою шараларын қабылдайды, оның ішінде орындалуы міндетті нұсқамалар береді. Заңнамада белгіленген жағдайларда кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

    – Ағымдағы жұмыстың нәтижелері туралы не айта аласыз?

    – Соңғы үш жылда аумақтық департамент 164 бақылау іс-шарасын жүргізді. Оның нәтижесінде заңнама талаптарының 570 рет бұзылғаны анықталды. Бақылау субъектілеріне 113 нұсқама беріліп, жекелеген фактілер бойынша жалпы сомасы 20 миллион теңгеден асатын әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.

    Бұл көрсеткіштер әлеуметтік салада жұмыс істейтін ұйымдар мен субъектілердің жауапкершілігін арттыру және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелеріне тұрақты назар аудару қажеттігін көрсетеді.

    Сұхбаттасқан: Надежда ЦХАЙ

    https://www.instagram.com/p/DfmYODKiOqD/?mdxt=dm1mbzJxc2Vjdmll

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары