ӘЛЕУМЕТТІК САЛА — МЕМЛЕКЕТ НАЗАРЫНДА

    ӘЛЕУМЕТТІК САЛА — МЕМЛЕКЕТ НАЗАРЫНДА

    Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саланы одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындады.

    Жолдауда азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын дамытуға ерекше назар аударылды.

    Негізгі міндеттердің бірі – әлеуметтік нысандарды салу және жаңғырту. Алғашқы кезеңде шамамен 70 денсаулық сақтау нысанын, сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысанын салу көзделген. Балаларға арналған оңалту орталықтарын салуға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беріледі.

    Халықтың табысын арттыру да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 000 теңгеден 110 000 теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл шара 1,8 миллионға жуық азаматтың, оның ішінде бюджет саласында жұмыс істейтін 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтілін ескере отырып, 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.

    Жолдауда мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың атаулылығына да ерекше назар аударылды. Мемлекеттік көмек ең алдымен қолдауға шынымен мұқтаж азаматтар мен отбасыларға көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар жаңа тетіктер мен цифрлық жүйелер алдын ала сынақтан өткізіліп, азаматтардың нақты жағдайы ескеріле отырып, кезең-кезеңімен енгізілуі қажет.

    Инклюзивті білім беруді дамыту, білім беру инфрақұрылымының қолжетімділігін кеңейту, балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтау және бейінді мамандар санын арттыру да маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгіленді.

    Осылайша, әлеуметтік саясаттың негізгі міндеттері тек мемлекеттік көмек көрсетумен шектелмей, лайықты өмір сүруге, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, сапалы әлеуметтік қызметтердің қолжетімді болуына және адами әлеуеттің тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталған.

    Басты мақсат – әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыру және Әділетті Қазақстанды құру.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары