«BATYS TEACHNET»: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ. ТӘЖІРИБЕ. ДАМУ.
2026 жылғы 14 қазанда Сырым ауданының Жырақұдық жалпы орта білім беретін мектебінде облыстық «Batys TeachNET» жобасының VI кезеңі аясында ауданаралық семинар өтті. Шыңғырлау және Сырым аудандарының педагогтерін бір арнаға тоғыстырған кәсіби кездесу тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды талқылауға және ауыл мектебінің білім беру әлеуетін арттыруға бағытталды.
Семинардың негізгі мақсаты – шағын жинақты мектеп педагогтерінің кәсіби және шығармашылық дамуына қолдау көрсету, тиімді әріптестік байланыстарды нығайту, заманауи оқыту әдістері мен цифрлық технологияларды білім беру үдерісінде қолдану тәжірибесін кеңейту.
Кәсіби кездесудің негізгі бөлігі ашық сабақтарға арналды. Шыңғырлау ауданының А. Тихоненко атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімдері әртүрлі пәндер бойынша сабақ өткізіп, өздерінің педагогикалық тәжірибелерін ортаға салды.
Атап айтқанда:
* 6-сынып, ағылшын тілі пәнінен –Г. Ульярова «Heroes»;
* 6-сынып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен – К.Имангалиева С. «Разлученные лебеди» ;
* 7-сынып, биология – Т.Күшекбаева «Азық-түліктердегі органикалық заттар: нәруыздар, майлар, көмірсулар»;
* 7-сынып, математика – А.Байтенов «Көпмүшелерге амалдар қолдану»;
* 7-сынып, география – С.Жолекенов «Литосфераның құрылысы мен заттық құрамы»;
* 8-сынып, математика – Б.Серікбай «(y=\sqrt{x}) функциясының графигін салу»;
* 8-сынып, қазақ тілі мен әдебиеті – Г.Басгулова Шалкиіз жыраудың «Би Темірге бірінші толғау» шығармасы бойынша сабақтарын өткізді.
Ашық сабақтар педагогтердің әдістемелік шеберлігін танытып қана қоймай, пәндік білімді меңгертудің тиімді жолдарын өзара зерделеуге мүмкіндік берді.
Сабақтар арасындағы үзілістер де танымдық мазмұнмен толықтырылды. «Қызықты үзіліс – сапалы оқуға бастар жол» аясында математика пәнінің мұғалімі Б.Серікбай мен биология пәнінің мұғалімі Т.Күшекбаева «ОйLike» алаңын ұйымдастырды. Ал орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі К.Имангалиева мен география пәнінің мұғалімі С.Жолекенов «QR-код: Ұлттық құпия» атты танымдық алаңда оқушылардың тапқырлығы мен қызығушылығын арттыруға бағытталған тапсырмалар ұсынды.
Семинардың келесі кезеңінде Жырақұдық жалпы орта білім беретін мектебінің педагогтері «Жүйелі бастама – нақты нәтижеге» жобалар галереясында өздерінің мектепішілік бастамаларын таныстырды. Әр жоба мектеп өміріндегі өзекті бағыттарды қамтып, білім мен тәрбиені ұштастырудың тиімді жолдарын ұсынды.
* М.Бахаева «Зере» аналар мектебі: дәстүр мен заманауи тәрбие көпірі» жобасы арқылы отбасы тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығын көрсетті.
* Ә. Абілқасымова «Ұстаз траекториясы: шеберлікке бастар жол» жобасын таныстырып, педагогтердің кәсіби өсуі мен үздіксіз дамуына назар аударды.
* Е.Елеусін «Ұлттық құндылықтар – тәрбие негізі» жобасы аясында ұлттық тәрбие мен рухани мұраның маңызын атап өтті.
* Г.Сәтбай «GeoKZ: Географияны ойын арқылы меңгеру» жобасы арқылы ойын технологияларын пәнді оқытуда тиімді пайдаланудың жолдарын ұсынды.
* М.Ахонова «ЕртегіLab: ЖИ және сауатты жазылым» жобасында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, оқушылардың жазылым дағдыларын дамыту мәселелерін көтерді.
* А.Бегалиева мен Э.Ажбаева «STEM серпіні: ауыл мектебіндегі ғылым мен тәжірибе» жобасы арқылы жаратылыстану пәндерін тәжірибемен ұштастырудың маңызын көрсетті.
Ұсынылған жобалар педагогтердің ізденісі мен шығармашылық әлеуетін танытып, мектеп тәжірибесіне енгізуге болатын тың идеялармен бөлісуге мүмкіндік берді.
Педагогтердің кәсіби дамуына бағытталған бағдарлама психологиялық тренингпен және практикалық воркшоп-сессиямен жалғасты. А. Тихоненко атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің педагог-психологы Т.Күлтанова қатысушыларға психологиялық тренинг өткізіп, өзара түсіністік пен жағымды қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жұмыс ұйымдастырды.
Сонымен қатар мектеп орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Л.Китарова және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжанат Басгулова «Заманауи мұғалім: ғылыми ізденіс, олимпиадалық резерв және инновациялық бағдарлама» тақырыбында практикалық воркшоп өткізді. Сессия барысында мұғалімнің кәсіби ізденісі, оқушыларды олимпиадаларға даярлау және инновациялық бағдарламаларды тиімді пайдалану мәселелері қарастырылды.
Семинар соңында ашық сабақтарға кері байланыс беріліп, “Batys TeachNET” жобасының VI кезеңін қорытындылаған аудандық әдістемелік кабинет әдіскері Г.Каналиева семинарға қатысқан ұстаздарға алғысын білдіріп, тәжірибе алмасудың кәсіби дамудағы маңызын атап өтті.
Облыстық жоба аясында өткен ауданаралық семинар екі аудан педагогтерінің ынтымақтастығын нығайтып, тиімді тәжірибелерді таратуға серпін берді. Ортақ мақсат жолында біріккен ұстаздардың кәсіби байланысы – ауыл мектебінің дамуына, ал кәсіби ізденіс пен тәжірибе алмасу білім сапасының артуына негіз болады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








