Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Түркістан облысы Қазығұрт ауданында «Қазселденқорғау» мекемесінің жаңа диспетчерлік пунктін ашты. Мұнда табиғи қауіп-қатерлерге тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Ауданда сел, көшкін және қар көшкіні қаупі бар 34 аймақ анықталған. Бұл аумақтарда 426 нысан орналасқан, 1,5 мыңнан астам адам тұрады.
Қазығұрт ауданы аумағында 19 сел қаупі бар, 14 көшкін қаупі бар және бір қар көшкіні қаупі бар аймақ тіркелген. «Қазселденқорғау» мамандары Жігергенсай және Өгем өзендеріндегі гидрологиялық жағдайды бақылауда ұстайды. Бұл өзендерде екі тұрақты бақылау бекеті жұмыс істейді. Мәліметтер тәулігіне үш рет, ал жағдай күрделенген кезде әр екі сағат сайын беріледі. Жиналған деректер қауіп-қатерді дер кезінде анықтап, халықты қорғау шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Мамандар үшін жалпы ауданы шамамен 34 шаршы метр болатын бір қабатты модульдік ғимарат салынды. Оның ішінде диспетчерлік бөлме, әкімшілік кабинеттер, асүй және санитарлық торап қарастырылған. Мұнда қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілік атқаруына және күнделікті жұмысына қажетті жағдай жасалған. Іргелес аумақта инженерлік жұмыстар жүргізіліп, қоршау орнатылды. Құрылыс жұмыстары үш аптаға жетпейтін уақытта аяқталды. Жоба Қазақстан құтқарушылар қорының бюджеттен тыс қаражаты есебінен қаржыландырылды.
Жаңа пункт Қазығұрт ауданындағы қауіпті табиғи процестерді тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Қазақстан ТЖМ сел, көшкін және басқа да табиғи қауіптердің алдын алу, тәуекелдерді уақтылы анықтау, халықты ескерту және төтенше жағдайлардың ықтимал салдарын болдырмау мақсатында «Қазселденқорғау» мекемесінің бақылау және диспетчерлік нысандар желісін дамытуды жалғастыруда.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









