Түркістан облысы Сайрам ауданының Ақсукент ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер Ахмаджан Анартаевтың 100 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті.
Ардагерді құттықтау рәсіміне Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразәлиев, Түркістан гарнизонының бастығы, полковник Талғат Мәжімбеков, әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, майдангердің туған-туыстары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Іс-шара орталық саябақта аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің атынан Ахмаджан Анартаевқа соғыс жылдарындағы ерлігі мен ел игілігі жолындағы көп жылғы еңбегі үшін терең құрмет пен алғыс білдірілген құттықтау хат табысталды. Салтанатты шараға қатысушылар да мерейтой иесіне ақжарма тілектерін арнап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, туған-туыстарының ортасында амандық пен береке тіледі.
Ахмаджан Анартаев 1926 жылғы 10 қарашада Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, 64-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер ретінде әскери қызмет атқарған. Польша мен Германия аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан. Майдандағы ерлігі мен ел игілігі жолындағы еңбегі үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған.
Бүгінде Ахмаджан Анартаев ауылдастары арасында зор құрметке ие, үлкен әрі тату отбасының ақсақалы. Төрт ұл мен бес қыздан 35 немере, 101 шөбере және 50 шөпшек сүйіп отыр.
Ахмаджан Анартаевтың өмір жолы – ел тарихының ажырамас бөлігі, ерлік пен табандылықтың, Отанға деген адалдықтың жарқын үлгісі. Ардагерлерге құрмет көрсету, тарихи жадыны сақтау және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру – жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеудегі маңызды міндеттердің бірі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









