ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

    1 / 4

    Түркістан облысында биыл 1 485 нысанның құрылысы басталды. Оның 156-сы бюджет қаражаты есебінен, ал 1 329-ы жеке кәсіпкерлердің қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құрылыс нысандарының саны 19 пайызға артқан. Бұл туралы өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тарту Орынтайұлы мәлімдеді.

    – Жыл басынан бері басқарма тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған 745 нысанды пайдалануға беру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар өңірдегі құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген тексерулер нәтижесінде 346 нысанда заң талаптарының бұзылғаны анықталып, тиісті шаралар қабылданды.

    Анықталған кемшіліктер бойынша 820 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 332,4 млн теңге айыппұл салынды. Оның 195,4 млн теңгесі өндіріліп, облыстық бюджетке түсті.

    Басқарма тарапынан 17 заңсыз салынған кәсіпкерлік нысанды мәжбүрлеп бұзу туралы талап арыз сотқа жолданып, оның 10-ы қанағаттандырылды. Бұдан бөлек, жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 15 заңсыз нысан меншік иелерінің қаражаты есебінен бұзылды.

    Қазіргі таңда аудандық және қалалық әкімдіктердің сәулет және қала құрылысы бөлімдері арқылы заңсыз салынған тағы 95 нысанды мәжбүрлеп бұзу туралы талап арыздар сотта қаралуда. Бұл жұмыстар елді мекендердің сәулеттік келбетін сақтау мен құрылыс талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған, – деді спикер.

    Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына үлестік қатысу бойынша заңсыз жарнама таратып, азаматтардың қаражатын тартқан төрт компанияға 2 000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынып, әлеуметтік желілердегі жарнамаларын алып тастау міндеттелді.

    Жалпы, биылғы жылдың 9 айында басқармаға 408 өтініш түсіп, оның 267-сі қанағаттандырылды. Нәтижесінде 29 лицензия беріліп, 168 маманға сарапшы аттестаты табысталды.

    Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары